Парижде ертең Лувр, Орсе, Пикассо мұражайы және Гран-Пале жабылады

АСТАНА. KAZINFORM — Францияның Мәдениет министрлігі ел астанасындағы бірнеше әлемге әйгілі мұражайлар мен мәдени орындардың 24 қазан, сенбі күні жаппай наразылық акцияларына байланысты жоспардан тыс жабық болатынын хабарлады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Лувр
Фото: Haberler

Аталған нысандар қатарында Лувр, Орсе және Пикассо музейі, сондай-ақ Гран-Пале көрме кешені бар. Министрліктің ресми мәлімдемесінде келушілердің, қызметкерлердің қауіпсіздігін және өнер туындыларының сақталуын қамтамасыз ету қажеттілігі аталып өтті. Министрлік өз құзыретіндегі барлық мекемелерді тиісті алдын алу шараларын қабылдауға шақырды.

Бұл шешім 17 қазандағы оқиғалардан кейінгі шиеленіс аясында қабылданды. Парижде өмір сүру құнының өсуіне қарсы және мектеп оқушыларын қолдау мақсатында ұйымдастырылған наразылықтардың арты бірнеше қалада елеулі тәртіпсіздіктер мен тонауларға ұласқан болатын.

Осы оқиғалардан кейін Франция билігі алдағы наразылық акцияларында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, полицияның қатысуын арттыратынын хабарлады.
Париждің кейбір аудандарында уақытша түнгі коменданттық сағат енгізілді.

Президент Эммануэль Макрон сенбі күні тек рұқсат етілген кәсіподақ шерулеріне ғана рұқсат етілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Гран-Паледе өткен Art Basel Paris халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесінің ұйымдастырушылары іс-шараны жоспарланғаннан екі күн бұрын, жұма, 23 қазан күні кешке аяқтау туралы шешім қабылдады. Бұл шешім қатысушылардың, келушілердің және экспонаттардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіру мақсатында қабылданды.

Еске сала кетейік, Лувр музейі студенттер наразылығына байланысты бұған дейін де уақытша жабылған.

Париждегі 400 жылдық тарихы бар ең көне жабық базар өртеніп кетті.