Пашинянның Астанаға сапары: сарапшы келіссөздердің басты тақырыптарын атады

АСТАНА. KAZINFORM – Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бүгін Қазақстанға ресми сапармен келді. Үкімет басшысының борты Астана әуежайына қонды. Jibek Joly эфирінде саясаттанушы Денис Жиляев бұл сапардың екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар маңызды бағыттарын қамтуы мүмкін екенін атап өтті.

Денис Жиляев
Видеодан алынған скрин

Сауда және экономикалық басымдықтар

Сарапшы екі ел арасындағы сауда айналымы әзірге тым төмен екенін мәлімдеді. Биылғы бірінші жартықта ол 41,6 млн долларды құрап, ЕАЭО-ның өзге мемлекеттерімен салыстырғанда үлесі айтарлықтай төмен болған.

Соңғы айларда тараптар тауар жеткізілімін кеңейтуге белсенді кіріскені байқалады. Шамамен 30 жылдан кейін алғаш рет Қазақстан Арменияға бидай экспортын қайта жандандырды, пилоттық партия жіберіліп, жоғары баға алған. Сонымен қатар қазақстандық косметика мен тұрмыстық өнімдердің экспорты жекелеген позициялар бойынша екі-үш есеге артқан.

Армения тарапынан Қазақстанға алкоголь өнімдерінің жеткізілімі көбейген. Жыл басынан бері елге таза спиртке шаққанда 400 тоннаға жуық алкогольдік өнім келген. Бұған қоса, Қазақстан армян өндірушілерінен шамамен 360 жаңа үлгідегі кассалық аппарат сатып алған.

Жиляев аграрлық саладағы ынтымақтастық та қайта жанданғанын атап өтті.

«Біз астық жеткізу туралы келістік, пилоттық көлемдер жіберілді. Біздің бидайдың сапасы жоғары бағаланды», – деді сарапшы.

Оның айтуынша, екі тарап жоғары қосылған құнды өнімдерге де қызығушылық танытуда.

Халықаралық көлік дәліздері және өңірлік логистика

Сарапшы пікірінше, келіссөздер кезінде Кавказ арқылы өтетін түркі логистикалық бағыты да талқылануы мүмкін.

«Қазір іске асырылып жатқан түркі дәлізі Кавказ аумағы арқылы өтеді. Бұл бағыттың маңызы артып келеді», – деді ол.

Ол Армения мен Әзербайжан арасындағы соңғы келісімдер өңірлік көлік желісін жаңартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қазақстанның да энергетикалық ресурстардың трансшекаралық жеткізіліміне мүдделі болуы мүмкін екенін айтты.

«Егер біз Әзербайжанмен келісіп, осы дәліз арқылы жылына бес-жеті млн тонна мұнай тасымалдауды бастасақ, бұл үлкен көлемді қамтамасыз етеді», – деді Жиляев.

ҰҚШҰ аясындағы ахуал

Сарапшы Армения әлі де ұйымның ресми мүшесі болып саналатынын еске салды.

«Армения ресми түрде ҰҚШҰ-дан шыққан жоқ… Қатысуы уақытша тоқтатылғанымен, ұйым құрамында қалып отыр», – деді ол.

Жиляевтың айтуынша, сапар ресми сипатта өтеді және кеңейтілген құрамдағы делегациялар қатысуымен ұйымдастырылатын кездесулерді қамтуы тиіс.

«Бұл – ресми сапар. Демек, келіссөздер тең форматта жүреді», – деді сарапшы.

Ресми күн тәртібі әлі жарияланған жоқ. Алайда соңғы апталардағы байланыстар тараптардың стратегиялық әріптестікті тереңдетуге және тауар айналымын ұлғайтуға мүдделі екенін көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар