Павлодар әкімдігі бейнебақылауға жұмсалатын 8,5 млрд теңгені түсіндірді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысы «Қауіпсіз қала» жобасын жасауға 8,5 млрд теңге жұмсамақшы. Алайда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бұл қаражат шектен тыс көп деп есептейді. Kazinform тілшісі аталған соманың қалай игерілетінін салмақтап көрді.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев еліміздің өңірлерінде IT-жобаларға жұмсалып жатқан бюджет қаражаты негізсіз деген пікірде. Айтуынша, миллиардтаған қаржы бөлініп, оның нәтижесі кейін айтарлықтай тиімді болмай шығады.
Қарапайым мысал — қалалар бойынша цифрлық шешімдерді біріктіруге бағытталған бірыңғай «Smart City» платформасы.
Өкінішке қарай, оның орнына әр аймақ өзінің «ақылды» қызметтерінің нұсқаларын жасау арқылы өз жолымен жүрді.
— Әр аймақтағы әрбір жүйені әртүрлі мердігерлер, әртүрлі платформалар және әртүрлі стандарттар жасағанын ескерсек, ешқандай жасанды интеллект пайда болған хаос пен бытыраңқылықты реттей алмайды. Мәселен, ақпарат құралдарында айтылғандай, Павлодар облысы «Қауіпсіз қала» жобасына 8,5 млрд теңгеден астам (17 млн доллардан астам) қаржы жұмсауды жоспарлаған. Бизнестегі IT мамандардың айтуынша, мұнша қаражатқа қалалық емес, облыстық деңгейдегі шешімдерді әзірлеуге болады. Егер Қазақстандағы шығындар деңгейін әлемдік мысалдармен салыстыратын болсақ, біздің шығындарымыз нақты жетістіктермен салыстыруға келмейтіні анық. Мысалы, ChatGPT-ті құру шамамен алты жылға созылды және оны жасаушыларға 100 миллион доллар жұмсалды, ал оның қытайлық әріптесі DeepSeekті құру екі ай және 6 миллион долларды құрады, бірақ бір айдың ішінде ол 1 млрд долларлық капиталдандыруға жетті, — деп келтіреді Азат Перуашев депутаттық сауалында.

Павлодарда жүзеге асқалы отырған «Қауіпсіз қала» жобасы қаржылай тұрғыдан алғанда соншалықты шығынды ма?
Біз бұл сауалды Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әміринге қойдық.
Басқарма басшысының мәліметінше, биыл қоғамдық қауіпсіздікті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Қауіпсіз қала» жобасын іске асыру жоспарланған.
Жоба аясында қоғамдық орындарда, көше бойларында, жолдарда 5 мыңнан астам бейнебақылау камералары мен жол жүру ережелерін бақылауға бағытталған аппараттық-бағдармалық кешендер (АБК) орнатылуы керек.
— Ең әуелі «Қауіпсіз қала» — үш бірдей қаланы қамтитын облыстық деңгейдегі бағдарлама екенін айтуымыз керек. Жоба сервистік модель бойынша 3 жылға жоспарланған. Алдағы 10 күнде конкурс жеңімпазы анықталса, бірден іске кірісіп кетеді деген жоспарымыз бар. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалалары бойынша 250 желілік учаске, 150 көше қиылысы, республикалық және облыстық маңыздағы автожолдардың аса қауіпті 20 учаскесі қамтылуы керек. Бұл жерлерде АБК-лар және Павлодар қаласының қоғамдық орындарында 3 мыңға жуық жалпы бейнебақылау камералары орнатылады. Барлық бейне камералар мен АБК Павлодар облысының жедел басқару орталығына, облыс әкімдігінің ахуалдық-талдау орталығына жалғанады. Сондай-ақ, осы бейне бақылау жүйелеріне жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы бейне-аналитика платформасы жұмыс істейтін болады. Ол іздеуде жүрген азаматтарды анықтап, адамдардың көп жиналғанын, сондай-ақ түтін шықса, қоқыс шашылып жатса, тұрғындардың қалып қойған заттары болса көре алады. Жүйе басқа да кейстерімен жабдықталған, — деп түсіндірді басқарма басшысы.

8,5 млрд теңге мердігерге бірден төлене салмайды. Жобада биыл 1,7 млрд теңге, одан арғы жылдары 3,4 млрд теңгеден бөлінеді деп көрсетілген.
Қаражатты жергілікті органдар ай сайын бөліп төлеп отырады.
— Мердігер барлық бағдарламалық жүйені, құрал-жабдықты өз қаражатына тұрғызады. Бұл жерде камералар мен ақпараттық кешендер орнатылатын бағаналар, оларға электр қуатын жеткізетін желілер, жоғары жылдамдықты интернет желілері, серверлер де болуы керектігі көрсетілген. Камерадағы бейнелерді жедел басқару орталығы нақты уақытта көре алады және бейнежазбалар 30 күн сақталады. Жол ережесін бұзу туралы деректерді анықтау, тіркеу, өңдеу, аналитика жасауды мердігер әзірлеген бағдарлама жүргізеді. Одан соң іздеу функциясы бар. Бұған дейін өңірде «Smart City» жобасы іске қосылған болатын. Оған 5567 камера жалғанған. Оның ішінде 138 білім беру, 18 емдеу мекемесі бар. Балабақшадан немесе мектептен бала жоғалатын болса, әлгі камералар бірден іздеуге кіріседі. Немесе күдікті тұлғалар ізделсе, жүйенің көмегіне сүйенеміз. Жүйенің адамның бет-әлпетін тануы 90 пайыздан асады. «Қауіпсіз қала» бұл жүйеге кіріктіріледі. Ең бастысы, мердігер биылғы 1 қыркүйекке дейін жобаны толық аяқтап, іске қосуы керек. Оған қаражат содан соң барып төлене бастайды, — деп қосты Ағыбай Әмірин.
Басқарма басшысының пікірінше, жобаның аса ауқымды болуына байланысты бөлінгелі отырған 8,5 млрд теңге қаражат көп емес. Әрі оның есебі алдын ала жасалып, нақтыланған. Мәселен, Астана қаласында мұндай жүйені ұстап тұрушы мердігерге 53 млрд теңге қарастырылған.
Бірақ елордада бұған дейін «Сергек» жүйесі жұмыс істегені себепті қажетті құрал-жабдықтар бар. Ал Павлодар жерінде барлық қажеттіліктер жаңадан жасалғалы отыр. Сондықтан аталған бюджет қаражаты өз шығынын ақтайды деген сенім бар.
Үш жылдан соң мердігер барлық бағдарламалық жүйелерді, бейнекамераларды тапсырыс берушінің еншісінде қалдырады.
«Қауіпсіз қала» жобасының нәтижесінде облыстағы жол-көлік апаттары 20%-ға, қылмыстық істер 19%-ға азайып, қылмыстарды ашу 82,8%-дан 90%-ға дейін артады деп күтілуде.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарға «Сергек» камералары қойылуы мүмкін екенін жазғанбыз.