Павлодар билігі уәде еткен жаңа трамвайлар қашан сатып алынады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта облыс орталығында күнделікті қатынайтын трамвай көліктерінің 73%-ы тозып тұр.

Павлодар қаласындағы трамвай жолдарының жалпы ұзындығы — 90 км. Қалалық трамвай басқармасының балансында 111 трамвай вагоны бар болса, оның 73%-ы тозып қалған.
Жергілікті билік жылжымалы құрамды кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарын жүргіземіз деп уәде еткелі біраз уақыт өтті. Алайда жаңа көлік құралдарын сатып алу жұмыстары кешігіп жатыр. Облыс әкімдігінен бұл жобаның не себепті кешеуілдеп жатқанын сұрап білдік.
— Еуропалық қайта жаңарту және даму банкі (ЕҚДБ) арқылы несие ұсыну есебінен аккумуляторлық батареялармен жүретін әрі энергия қуатын барынша үнемдейтін 25 жаңа трамвай сатып алу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны — 8 млрд теңге. Бұл қаражаттың 7 млрд теңгесін аталған банк берсе, тағы 1 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған. Вагондарды сатып алуға арналған конкурс ЕҚДБ алаңында қаралу сатысында. Қазіргі уақытта 4 қатысушыдан ұсыныстар қабылданды. Конкурс қорытындысы жақын арада шығарылған соң жеңімпазбен трамвайларды жеткізу мерзімдері айқындалатын шарт жасалады, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Алдағы жылдары трамвай вагондары кезең-кезеңімен жаңартылып, тиісті қаржыландырумен қамтамасыз етілген жағдайда «Достық» шағын ауданына трамвай желісін ұзарту көзделген. «Достыққа» трамвай желілерін салу жобасы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына ие болған. Құрылыстың жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрап отыр. Барлығы жөнімен болса, жобаны іске асыру келер жылы басталады. Алдын ала есеп бойынша шағын аудандағы болжамды жолаушылар ағыны күніне 5000 адамды құрайды.
Ал «Д. Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ басқарма төрағасы Муслим Махмудовтың дерегінше, кәсіпорында бүгінде шамамен 500 адам еңбек етеді. 2016 жылдан бастап мұнда жол ақыны электрондық төлем жүйесі енгізілген. Орташа еңбекақы шамамен 350 мың теңгені құрайды, оны көтеру мәселесі қаржылық мүмкіндіктер шегінде қарастырылып жатыр.
— Трамвай паркінен күн сайын 83 вагон жолға шығады. Соңғы рет парк 2017–2019 жылдары жаңартылып, Беларусьте шығарылған 23 вагон сатып алынды. Жалпы парк жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады: вагондарға жүйелі түрде ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізіледі, бұл үшін депо қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кадр мәселесіне келсек, шамамен 30 трамвай жүргізушісі, сондай-ақ электр слесарьлар мен электр жөндеушілер сияқты жұмысшы мамандықтар бойынша тапшылық бар, — дейді ол.
Атап өтерлігі, трамвай басқармасы көше қиылыстарындағы трамвай жолдарының өткелдеріне де назар аударып келеді. Биыл жеті өткелді жаңарту жоспарланса, соның бесеуі қазіргі күні пайдалануға берілген.
Кәсіпорын басшылығының айтуынша, қолданыстағы 100 теңгелік тариф парктің шығындарын жабуға жеткіліксіз. Экономикалық тұрғыдан алғанда, нақты тариф шамамен 300-320 теңгені құрауы керек. Бірақ бұл жолаушылардың қалтасына салмақ салатыны анық. Сондықтан парк күтімі мен еңбекақы төлеу және өзге де шығыстар үшін бюджеттен субсидия төленеді.
Бұған дейін 2025 жылы Павлодарға жаңа трамвай вагондары жеткізілетінін жазғанбыз.