Павлодар қаласына 9 қыркүйекте жылу беріле бастайды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жылу көзіне алғашқы болып балабақша, мектеп, медицина мекемелері сияқты әлеуметтік нысандар қосылады. Ал 16 қыркүйектен бастап жылу тұрғын үй секторларына қолжетімді болады.

Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков хабарлады.
— Бірден ескертетін жайт, дәл сол күні тұрғындардың пәтерлеріндегі батареялар бірден қызбайды. Жылу желілерін толық толтыру біршама уақытты алады. Желідегі су айналымы 22 мың тоннаны құрайды. Ал жылу электр орталығындағы желілік сумен толтырудың максималды мүмкіндігі — тәулігіне 800 тонна көлемінде. Осыған байланысты қаланы жылумен қамтуды толық іске қосу және баптау үшін бізге үш-төрт аптаға дейін уақыт қажет, -деп ескертті шаһар басшысы.
Павлодар қаласында жылыту маусымы мұншалықты ерте басталып көрген жоқ.
Бұл желілер мен үй коммуникацияларын алдын ала дайындаудың нәтижесінде мүмкін болып отыр. Биылғы ауа райының қолайсыздығы жылу маусымын ерте бастауға мәжбүр етіп отыр.
Жылу қосыла бастағаннан-ақ қаланың жедел қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауысады. Бұл жұмыстарды Хасар Хабылбеков өз бақылауымда ұстаймын деп уәде етті.
Бұған дейін қыркүйек айының салқын болып тұруына байланысты Павлодарда жылу ерте берілуі мүмкін екенін жазғанбыз.
Шаһарда 270-ке жуық көпқабатты үй қысқа дайын емес. Олардың 190-ында басқару формасы жоқ.