Павлодар облысында 59 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрған халықтың басым бөлігі Павлодар мен Екібастұз қалаларында орналасқан. 

Павлодар облысында 59 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр
Фото: Алматы облысы әкімдігі

Облыста жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тұрғандардың бірыңғай электрондық тізілімінде 59 085 өтініш тіркелген. Олардың ішінде Павлодар қаласы бойынша — 37 654, Екібастұз қаласында — 11 373, Ақсуда — 4 803, Баянауыл ауданында — 4 032, Павлодар ауданында — 1 223 адам бар.

— 2023-2024 жылдары және жыл басынан облыс аумағында барлығы 604 жер учаскесі азаматтарға бөлінген. Оның ішінде биыл облыс орталығында біреу ғана берілсе, ең көбі Екібастұз (32) бен Ақсуда (27) тіркелген. Аудандар арасында ең көбі (16 жер телімі) Павлодар ауданында берілгені анықталды. Жер кодексінің 50-бабының нормаларына сүйенсек, еліміздің әрбір азаматы 10 акр жер учаскесін тегін алуға құқылы. Бірақ аталған кодекстің 44-бабында жеке тұрғын үй құрылысын салуға қарастырылатын жер учаскелері тек сумен және электр желілерімен қамтамасыз етілген алаңдарда ғана берілетіні көрсетілген Жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдеріне инфрақұрылым тарту жобалары қазіргі кезде жоқ, — дейді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жамбайбек.

Жер кезегіне тұру үшін тұрғындар өтінішті EGOV немесе мобильді қосымшаға тіркелу арқылы бере алады. Ол жерде «жылжымайтын мүлік — жер қатынастары» бөлімін таңдап, «ЖТҚ үшін жер учаскесін қарау немесе кезекке қою» мемлекеттік қызметін басу керек. Әрі қарай кезекке қою пәрменін таңдап, өзіңізге қажет елді мекенді таңдау шарт. Соңында ЭЦҚ немесе бір реттік пароль арқылы мемлекеттік қызметке қол қойылады.

Бұған дейін Қызылордалықтардың жер кезегі 20 жылдан бері жылжымай келгені туралы жазғанбыз

Соңғы жаңалықтар