Павлодар облысында аусыл ауруы тіркелген жоқ

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірлік ветеринария басқармасы аусыл ауруы бойынша аймақтағы эпизоотиялық жағдай қолайлы екенін хабарлады. Дерттің алдын алу үшін аусылға қарсы 1 705 635 доза вакцина жеткізілген. 

а
Фото: Нұрболат Нұржаубай

Бұған дейін облыстың бірқатар ауданында ірі қара мал арасында аса қауіпті жұқпалы ауруларға ұқсас клиникалық белгілер тіркелген болатын. Тұрғындар түліктері үшін алаңдап, ветеринария мамандарына жүгінген.

— Диагнозды нақтылау мақсатында жануарлардан биологиялық сынамалар алынып, олар Астана қаласындағы Ветеринария ұлттық референттік орталығына жіберілді. Сынамалар везикулярлық стоматит, ИРТ (инфекциялық ринотрахеит), аусылдың құрылымдық емес ақуызы, вирустық диарея, блютанг бойынша зертханалық жағдайда тексерілді. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша алынған барлық сынама теріс нәтиже көрсетті. Бұл үй малдарында аусыл мен өзге де аса қауіпті аурулардың жоқ екенін дәлелдейді, — деп мәлімдеді Павлодар облыстық ветеринария басқармасынан.

2026 жылға бекітілген жоспарға сәйкес профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін аусылға қарсы 1 705 635 доза вакцина жеткізілген.

Еске сала кетейік, Шығыс Қазақстанда аусылға қарсы ауқымды вакцинация басталды

Соңғы жаңалықтар