Павлодар облысында қолайсыз ауа райында жолда қалған 43 адам құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ауа райының күрт нашарлауына байланысты Ақмола және Қарағанды облыстарындағы республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Осыған байланысты Павлодар облысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жолда қалған азаматтарға көмек көрсетті.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері тәулік бойы жол жағдайын бақылап, жүргізушілерге бағыт-бағдар беріп, автокөліктерді бастап алып жүрген.
- Екібастұз қаласы аумағында полицейлер жолда қалып қойған 43 азаматты, оның ішінде 6 баланы қауіпсіз жерге жеткізді. Кейіннен Қазақстан темір жолы тарапынан қосымша вагон бөлініп, барлық жолаушы сапарын жалғастырған, - деп жазды ІІМ баспасөз қызметінен.
Полиция қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауды, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, белгіленген жылдамдық пен қауіпсіз арақашықтықты ұстануды, сондай-ақ жолға шығар алдында метеорологиялық жағдайды міндетті түрде ескеруді ұсынады.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 немесе 102 нөмірлеріне хабарласу қажет.
Айта кетейік, Абай облысында ауа райы қолайсыздығына байланысты жол жабылды.