Павлодар облысында орман өрттері 3,5 есеге азайған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биылғы сәуір айынан бері Ертіс-Баян өңіріндегі орман-тоғайларда 28 өрт оқиғасы тіркелген. Ал былтыр дәл осы кезеңде 134 жағдай болған.

Төтенше жағдай қызметінің өкілдері орман өрттерінің азаюына биылғы ауа райының көктемнен бері ылғалды болып тұрғаны себеп дейді.

«Жыл басынан бері орман өрттерінің былтырғымен салыстырғанда 3,5 есеге азайғанын байқап отырмыз. Былтыр дәл осы мезгілде тілсіз жау жиі қайталанып, оқиғалар саны өсіп кетсе, биыл керісінше азая түсті. Мысал үшін, биыл сәуір айынан бері 28 өрт оқиғасы тіркеліп, 2,9 гектар жерді жалын шарпыды. Ал былтыр бұл мезгілде 134 оқиға болып, 2723 гектар орман алқабы өртенген. Көктемнің кеш келгені, оның үстіне жазғытұрым еріген қар суының мол болғаны жергілікті жердің ауа райын әлі де ылғалдандырып тұр. Соған байланысты өрт қауіпті кезең бірқалыпты өтіп жатыр», - дейді Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Қайрат Шаймарденов.
Биылғы өрттердің 23-і найзағайдың түсуінен пайда болған. Бұған қоса сәуір айында «Ертіс орманы» резерватында іске қосылған орман өрттерін ерте анықтау жүйесі де орманшыларға үлкен көмек болып тұр.
Мұндай кешенді жүйе келер жылы Баянауыл ауданында да пайда болады деген жоспар бар.
Еске сала кетейік, жуықта мәжілісмендер «Ертіс орманы» қорығының мәселесімен танысқаны туралы жазған едік.