Павлодар облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 35 дерек тіркелді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде браконьерлік деректердің, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Полицейлер табиғат қорғау заңнамасын бұзған 35 жағдайды анықтады.

Павлодар облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзған 35 дерек тіркелді
Фото: Павлодар облысы полиция департаменті

Тәртіп сақшылары заңсыз аң аулаған және ағаш кескен тұрғындарды анықтап, олармен жұмыс істеген. Заң бұзғандардан тыйым салынған балық аулау құралдары, кескіш құралдар тәркіленген. Құқық бұзушылардың автокөлік құралдары коммуналдық тұрақтарға қойылды.

- Ертіс ауданындағы Ертіс өзенінің жайылмасында ауыл тұрғыны тыйым салатын құралмен, атап айтқанда Қытай өндірісінің моно ауымен балық аулаған. Полицейлер моно ау мен бұрғыны тәркіледі. Успен ауданы Лозовое ауылының тұрғыны су қоймасында алкоголь ішіп, балық аулау ережелерін бұзған. Сот шешімі бойынша әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды, - деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаментінен.

Полицейлер балық аулау ережелерін бұзғаны үшін 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатынын ескертеді. Егер заң бұзу бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері 20-дан 150 айлық есептік көрсеткішке дейін артады.

Еске сала кетейік, Алматы облысында қарақұйрықты атып алған браконьерлер ұсталды