Павлодар облысының әкімі: Баянауылдағы өрт оқшауланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қарағанды өңірімен шекаралас аумағындағы өрт оқшауланды. Өртті жою жұмыстары жалғасып жатыр. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов телеграм арнасында хабарлады.
«Кеше шұғыл түрде дала өртінің Қарағанды облысынан Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ормансыз аумағына өткен Баянауыл ауданына бардым. Өрт шалған жердің аумағы шамамен 6 мың гектарды құрайды. Жағдай қалың өскен шөптердің және 12-15 м/с екпінді желдің салдарынан күрделенуде. Өрт ошақтарын жою орнында өңірлік жедел штабтың отырысын өткіздім. Тілсіз жаумен күресуге барлық қажетті күш тартылды: 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта өрт оқшауланды, өртті жою жалғасуда. Өңірде құрбандар мен зардап шеккендер жоқ», - деп жазды Асайын Байханов.

Өңір басшысы мұндай дала өрттерінің негізгі себебінің бірі – шөп шабу кезінде қолданылатын техникалардағы ұшқын сөндіргіш құрылғылардың істемеуінен деп есептейді.
«Сондықтан барлық шаруа қожалығынан міндетті түрде ұшқын сөндіргіш құрылғылар болуы тиіс қолданыстағы техникаларды тексеруді, сондай-ақ өз шаруашылықтары мен үйлерінің, әсіресе, шөп қоры сақталатын орындардың айналасын уақытында жыртуды сұраймын», - деп қосты А.Байханов.
Еске сала кетейік, Баянауылда жер өртеніп, бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді.