Павлодар өңірінде 2,5 мыңға жуық жұп бедеулік диагнозымен есепте тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша елімізде 7 мың квота бөлінген. Оның тек 250-і ғана Ертіс-Баян өңіріне қарастырылған.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында соңғы жылдары Павлодар облысына мыңнан астам квота бөлінген. Дейтұрғанмен бедеулік мәселесі өте өзекті. Статистика саны бойынша Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай жүр.
Ал аймақта 2400-ден аса жұп бедеулік диагнозымен есепке алынған. Сондықтан тегін ЭҚҰ-ға екінің бірінің қолы жете бермейді.
— Бедеулік мәселесімен бетпе-бет келген отбасылар үшін 2021 жылдан бастап елімізде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылды. Жоба аясында жыл сайын республика бойынша 7 мың квота бөлініп келеді. Бірақ біздің облысқа берілетін квота мөлшері 200-дің үстінде ғана. Былтыр 280 квота берілсе, биыл 250 квота ғана бөлініп отыр, — дейді репродуктивтік денсаулық және пренаталды диагностика орталығының акушер-гинеколог дәрігері Алма Қатпина.
Маманның сөзінше, бедеуліктің бірнеше себебі бар. Әйелдер тарапынан жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, бұрын жасалған операциялар немесе жатыр түтіктерінің бітелуі себеп.
Сондай-ақ эндокриндік факторлар да маңызды рөл атқарады. Артық салмақ, дұрыс тамақтанбау, күйзеліс пен қимыл-қозғалыстың аздығы да себепкер.
Еске сала кетейік, Қытай ғалымдары бедеулікті емдеудің жаңа тәсілін тапты.