Павлодар өңірі аумағының 80 пайызында әлі қар жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар өңірінің 80 пайызында қар жамылғысы сақталып тұр. Қар жамылғысының биіктігі оңтүстік аумақтарда 3-8 сантиметр болса, орталық және шығыс бөлігінде 30 сантиметрге дейін жетеді.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, температураның көтерілуіне және қардың жылдам еруіне байланысты Баянауыл ауданындағы Көкдомбақ ауылына кіреберіс жол бақылауға алынған. Жол бойымен көліктер өтіп жатыр, елді мекендерге қауіп төнген жоқ. 7 су өткізгіш құбыр жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ облыстың көптеген елді мекенінде суды жыру, сору жұмыстары жалғасып жатыр.

— Облысқа қарасты жерлердің 80 пайызында қар жамылғысы әлі де сақталып отыр. Жергілікті атқарушы органдар қар шығаруды жалғастырып жатыр. Қазірдің өзінде 2 млн текше метрден астам қар шығарылды. 63 мыңнан астам қап дайындалды. 1281 су өткізгіш толығымен тазартылды. Сілеті су қоймасында Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің қатысуымен жиын өтті. Су тасқыны жағдайын бағалау үшін Сілеті өзенінің арнасына аэровизуалды бақылау жүргізілді. Мамандар арнаның жай-күйін талдап, қауіпті учаскелер мен мұз кептелісінің ықтимал аймақтарын анықтады. Сондай-ақ қосымша ден қою іс-шараларын әзірледі, — деп хабарлады департаменттен.


Еске сала кетейік, Сілеті өзенінде мұз жару жұмыстары жүргізілді.