«Павлодар-Водоканал» кәсіпорны коммуналдық меншікке қайтарыла ма
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұған дейін Екібастұздағы жылу-энергия орталығы жеке меншіктен алынып, «Самұрық Энергоға» сенімгерлік басқаруға берілген.

Жергілікті халық Павлодар қаласын ауызсумен қамтып тұрған «Павлодар-Водоканал» ұйымын да дәл солай коммуналдық меншікке алу керек деп есептейді.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС — Павлодар қаласын ауызсумен және техникалық сумен қамтамасыз етіп отырған монополист кәсіпорын. Бұған қоса 345 км кәріз жүйесіне қызмет көрсетеді. 2000 жылдардың басында коммуналдық су жүйесі мемлекет балансынан жеке кәсіпкерге сатылып кеткен. Соңғы жылдары қала халқы бұл шешімнің дұрыс болмағанын айтып, ауызсу жүйесі мен құрылыстары мемлекеттік маңызға ие нысандар болуы себепті коммуналдық меншікке қайтарылуы керек деп есептейді.
Бұл ретте тұрғындар Екібастұз қаласындағы оң мысалға сүйенеді.
Естеріңізде болса, 2022 жылдың 27 қарашасында Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары қатты аязда жылусыз қалған болатын.
Сол жағдайдан кейін Екібастұз ЖЭО акционерлері Александр Клебанов пен Сергей Кан жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерді, яғни жылу-энергия орталығын Екібастұз қаласы әкімдігінің балансына өткізді.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов «Павлодар-Водоканал» ЖШС-ның мемлекет қарауына алу туралы ұсыныс қисынға келмейді деп есептейді.

— Екібастұз қаласындағы жылу орталығын қала әкімдігі ұстап тұра алмайтыны анық еді. Себебі оны басқаратын арнайы білікті басшылар, мамандар қала әкімдігінде жоқ. Сондықтан қала әкімдігі Екібастұз ЖЭО-ны «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берді. Акционерлік қоғамдық стансаны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады. «Павлодар-Водоканал» ЖШС мемлекеттік коммуналдық балансқа алынғанның өзінде оны әкімдік тарапынан басқаратын адам табылмайды. Себебі кәсіби білім керек, — дейді өңір басшысы.
Еске сала кетейік, биыл маусым айында «Павлодар-Водоканал» мекемесінің сорғысы істен шығып, Павлодар қаласының көп бөлігі сусыз қалды.
Мекеме фотосы: lifepvl.kz