Павлодар жастары Қаныштың ізімен аттанды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл қазақ халқының мақтанышы, ғұлама ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай Павлодар облысының шығармашыл жастарынан жасақталған экспедиция жолға шықты.

«Қаныштың ізімен» аталған экспедиция құрамында мәдениет өнер, әдебиет, ғылым салаларында енбек етіп келе жатқан 35 жасқа дейінгі жастар қамтылған.
Қатысушылар Қ.Сәтбаевтың ғұмырнамасында маңызды рөл атқарған Ұлытау облысында, Жезқазған, Сәтбаев қалалары, Қарсақбай, Жезді елді мекендерінде болады деп жоспарланған.
Қарсақбай ауылындағы академик Қаныш Сәтбаевтың музей-үйіне және Жезді кентіндегі Тау-кен және барлау ісі тарихи музейіне, Жезқазған қаласында академик Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейіне арнайы бармақ.
«Ертіс-Баян өңірінен шыққан тарихи тұлғаларымызды ұлықтау, Қаныш Имантайұлының мұрасын дәріптеу — негізгі мақсатымыз. Экспедиция барысында тұлғаның өміріне қатысты тың деректерге кенелеміз деген ойдамыз», -дейді Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің ғылыми қызметкері, экспедиция мүшесі Мұзафар Болатбек.
Еске сала кетейік, Павлодарда Қаныш Сәтбаев сыйлаған жазу машинкасы сақталып тұр.
Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлына «Халық судьясы» төсбелгісі не үшін берілгенін әңгімелеген едік.