Павлодарда 25 көпқабатты үй әлі де жылусыз отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардағы 1 342 көпқабатты тұрғын үйдің 1 317-сіне жылу берілді. Қазір 25 көпқабатты орталық үй жылу жүйесіне қосылмаған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, әлеуметтік нысандардың барлығы жылумен қамтылған. Ауруханалар, балабақшалар мен мектептерге жылу 14 қыркүйектен бастап беріле бастаған. Сол күні жеке сектор тұрғындарына да жылыту жүйесін іске қосуға рұқсат берілген.
Ал көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесіне қосу жұмыстары 28 қыркүйекте басталды.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, үйлер жылу беру кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен қосылып жатыр. Қазір 1 342 көпқабатты үйдің 1 317-сі жылумен қамтылған.
Сонымен қатар жылу жүйелерін реттеу жұмыстары жалғасуда. Қалған 25 көпқабатты үйді алдағы күндері жылыту жүйесіне қосу жоспарланған.
«Қазгидромет» мәліметінше, 6 қазанға қараған түні Павлодарда жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы, бұрқасын және көктайғақ болуы ықтимал.
Бұған дейін Павлодарда 1200-ден астам көпқабатты үй жылуға қосылғанын жазғанбыз.