Павлодарда 2,6 млрд теңге бюджет қаражатын тиімсіз жұмсамақ болған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті еріктілермен бірге бюджет қаражатына бақылау жүргізіп келеді. Жыл басынан Павлодар облысында тиімсіз мақсатта жұмсалмақ болған 2,6 млрд теңге сақталып қалды.

Қазіргі уақытта Ертіс-Баян өңірінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қоғамдық бастамаларына қолұшын беріп отырған 90-нан астам адам бар. Еріктілердің қатарына кез келген адам кіре алады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаменті жыл басынан тиімсіз мақсатта жұмсалмақ болған 2,6 млрд теңге бюджет қаражатын сақтап қалды.

— Біз еріктілерге мемлекеттік сатып алулардың бірыңғай жүйесімен қалай жұмыс істеу керектігін үйретеміз. Одан әрі еріктілер өз беттерімен конкурстарға мониторинг жүргізіп, баға негізсіз көтерілген жағдайда бізге хабар түсіреді. Ал департамент өз кезегінде тиісті органдарға сатып алуды ұйымдастырушылар туралы хат жөнелтеді. Тек еріктілердің күш-жігерінің нәтижесінде 308 млн теңге бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуының алдын алдық, - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Медет Амралинов.
Мәселен, Павлодардағы әуежай арнайы техника сатып алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялаған. Мемлекеттік сатып алулар порталында көрсетілген бағаны еріктілер негізсіз өсірілген деген қорытындыға келген. Нәтижесінде бұл сатып алулардан 40 млн теңгедей үнемделген.
Еске сала кетейік, Павлодарда колледж басшысы 10 жыл бойы бюджет қаражатын жымқырып келген.