Павлодарда ауыл тұрғындарын сары маса мен шіркей талап жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Ертіс өзені бойында орналасқан ауылдардың халқы шыбын-шіркейді шабуылына ұшырап жатыр. Қансорғыштар күндіз-түні буып тұр.

Павлодарда ауыл тұрғындарын сары маса мен шіркей талап жатыр
Фото: Видеодан алынған скрин

Керекуде биыл мамыр айы ыстық болғаны байланысты, шыбын-шіркей ерте қанаттанғаны байқалды. Қазіргі уақытта қансорғыш жәндіктер жергілікті тұрғындардың құтын қашырып тұр.

Әсіресе, Ақтоғай ауданына қарасты Жаңабет, Мүткенов, Жоламан және тағы басқа ауылдардың халқы шыбын-шіркейдің қарасы биыл тым көп екенін айтады.

«Сары маса да, шіркей де құжынап кетті. Буып өлтіріп барады. Күндіз-түні ауыл ішінде жүруден қалдық. Мал қарап келуге шыға алмаймыз. Балаларымыз далаға шығып ойнай алмайды, мектептен үйге жеткенше таланып келеді. Жағдай бұлай жалғаса берсе, қиын болатын түрі бар. Билік органдары миллиардтаған қаражат бөлдік, шыбын мен шіркейді жерден де, әуеден де улап жатырмыз деп есеп береді. Алайда оның нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Жыл сайын осылай, масамен әлек болып жүріп жаздың қалай өткенін білмей қаламыз», деп мұңдарын шақты ауыл тұрғындары.

Ал мамандар биыл күн күрт ысығандықтан шыбын-шіркей әдеттегіден ерте көбейіп кетті дейді. Ғылыми топтың фенологиялық зерттеулері бойынша қансорғыштарға қарсы өңдеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

- Ертіс өзені бойында жалпы саны 60 ауылдық елді мекен орналасқан. Қазір уақытта жауапты мердігер әуеден де, жерден де, өзен үстінен де өңдеуді бастап кеткен. Әсіресе, қанаттанып үлгерген сары масаға қарсы ауылдық елді мекендерде барьерлік өңдеу жүргізілуде. Ол дегеніміз арнайы препарат термогенераторлар, аспалы сепкіш және автокөлікке орнатылған қондырғылар арқылы шашылады. Ғылыми топтың кеңесі бойынша бұған дейін Ертіс ауданының жайылмада орналасқан ауылдарында өңдеу жасалды. Енді бүгіннен бастап Ақтоғай ауданына қарай ойысамыз. Өңдеу жұмыстары бұл бір реттік қана іс-шара емес, ол уақыт сайын қайталанып отырады,-дейді өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов.

Басқарма өкілі бұған қоса шіркейдің әлі де қанаттанып үлгермегенін алға тартты. Айтуынша, 14-15 мамыр күндері өзен үстінде биологиялық препараттар төгілген. Егер шіркей қаптайтын болса, оны Павлодар, Ақсу қалаларының тұрғындары алғашқы болып сезер еді. Сондықтан шіркейдің қанаттануы мүмкін емес дегенді алға тартты.

Алайда ақтоғайлық тұрғындар шіркейдің ерте қанаттанғанын айтады. Бұл жағдайдан жауапты мекемелердің хабардар болмай отырғанына өкпелі. Егер өзен үстінде өңдеу жұмыстары ертерек қолға алынғанда жағдай бұлай болмас еді деген сенімде көпшілік.

Шіркейдің адамдарды талауы былай тұрсын, қара бұлттай төніп келетін оның шабуылынан үй құстары, жас төлдер тырапай асып өліп қалады. Өрісте мал жайылудан қалып, көктемнен көтерем шыққан ірі қаралар шіркейдің зобалаңынан арам қатқанын да көргенбіз. Қысқасы, мамыр-маусым айларында еліміздегі ең ұзын өзен бойын қоныс еткен ауылдар мен шаһарлар үшін бұл қансорғыштар кәдімгідей үлкен проблема. Шілденің ортасына дейін ызыңдап есті шығаратын сары масаның әлегі тағы бар.

Облыс билігі шыбын-шіркейге қарсы өңдеу шаралары бойынша 2024-2026 жылдарға 7,8 млрд теңге бөлген. Оның шамамен 2,6 млрд теңгесі биыл игерілуі керек.

Былтыр көктем салқын болып, шыбын-шіркей маусымда оянған. Сол уақытта Ертіс өзенін бойлай орналасқан Павлодар, Ақтоғай, Ертіс, Тереңкөл, Железин аудандарының халқы мен төрт түлігі шабуылға ұшырағаны туралы жазғанбыз

Биыл Павлодарда шыбын-шіркейге қарсы 172 мың гектар алқап өңделеді.

Соңғы жаңалықтар