Павлодарда барлық ғимараттар орталық жылуға қосылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жылу маусымы басталғалы тұтынушылардан 150-ден астам өтініштер мен шағымдар келіп түскен. Олардың 99%-ы қазіргі күні толықтай шешімін тапты.

Энергетика министрлігінің «Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті» «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамына арнайы дайындық паспортын табыстады. Бұл құжат ЖЭО-лардың алдағы қысқа толық әзір екенін растайды. Жылыту маусымы басталар алдында арнайы комиссия да тексеріс жүргізген.
Қазір облыс орталығындағы барлық 305 әлеуметтік нысан және 1338 көпқабатты тұрғын үй жылу жүйесіне қосылған. Ал жеке сектордағы баспаналардың 99%-ы жылумен қамтылған.
— Қала бойынша жылумен және ыстық сумен жабдықтау кезеңінде 223 зақым анықталды. Қысқа мерзімде олардың барлығы жойылды, — деп хабарлады Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Бұған дейін Павлодар қаласында әлеуметтік мекемелер 10 қыркүйектен бастап орталық жылу көзіне қосыла бастағанын хабарлағанбыз.
Ал 22 қыркүйектен бастап облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне кезең-кезеңімен қосу басталды.
Ал қазан айының алғашқы күндері Павлодар тұрғындары жылу жетіспеушілігіне шағымданғанын жазғанбыз.