09:43, 01 Наурыз 2022 | GMT +5
Павлодарда кәсіпорын басшылығынан 52 млн теңге бопсалаған күдікті ұсталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда кәсіпорын басшылығынан 52 млн теңгеден астам ақша бопсалаған күдікті ұсталды. Ол қаладағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 ақпанда Павлодар қаласында арнайы іс-шаралар барысында полицейлер бопсалау күдігі бойынша 40 жастағы қала тұрғынын ұстаған.
- Ер адам 2020 жылдың сәуір - қыркүйек айлары аралығында Павлодардағы ЖШС бірінің бас директоры мен директорынан 52 млн 80 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат бопсалаған деп күдіктелуде, - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.