Павлодарда құлаған шырша: Әкімдік сотта жеңіліп тынды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басында Арқаның алай-түлей боранына шыдамай омақаса құлаған жаңажылдық шыршаның конструкциясы жаңасына ауыстырылмайтын болды. Құны 59 млн теңге тұратын шырша алдағы мерекеде қайта құрылады.

Павлодар облыстық сотының апелляция алқасы Павлодар қаласының орталық алаңында күшті желге шыдамай құлаған мерекелік бас шыршаны форс-мажорлық жағдайдан болған деп таныды.
Соған орай жеткізуші компания оны жаңасына ауыстырмайтын болды.
Естеріңізде болса, биылғы 10 қаңтар күні Павлодарда 52 млн теңгенің шыршасы құлап қалған еді.
Бұл шыршаға бюджеттен бөлінген қаражат дау тудырған. Кейін оған шын мәнінде 59 млн теңге бөлінгені анықталды.
Қаланың коммуналдық мекемесі конструкциясына нұқсан келген шыршаны жеткізуші кәсіпкер жаңасына ауыстырып берсін деген талаппен сотқа шағымданған.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл талапты қанағаттандырған.
Бірақ кейін облыстық сот шешімнің күшін жойып, табиғи форс-мажорлық жағдайға ешбір тарап жауапты бола алмайды деген қорытындыға келді.
Жыл басында Семейде де қатты желден бас шырша құлағанын жазған едік