Павлодарда оқушыны үшкір затпен түйреп өткен мұғалім кінәсіз деп танылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полиция сотқа дейінгі өндірісті тоқтатып, оқушыны арқасынан өткір затпен түйреген ұстаз дене жарақатын салмаған деген қорытынды жасады.

Школа , образование / мектеп , білім
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Биылғы қаңтар айында Павлодар қаласында тақта алдына шыққан оқушыны математика мұғалімі арқасынан үшкір затпен (бұрандалы шегемен) түйреп кеткені туралы оқиға әлеуметтік желі қолданушыларын шулатқан еді.

- Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары аяқталып, іс тоқтатылды. Материалдар өндірісінде бұл істің құрамында қылмыстық заңбұзушылықтың жоқ екені анықталды. Кәмелетке толмаған ер балаға дене жарақатын келтірудің қандай да бір деректері анықталмағаны сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, кәмелетке толмағанды куәландыруды жүргізген сарапшының жауап алу хаттамасымен және кабинеттен түсірілген бейнежазба арқылы расталды,-деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетейік, оқиға қаңтар айында, Павлодардағы №26 мектептің 9 Д сыныбында алгебра сабағы жүріп жатқанда болған.

Математика пәнінің мұғалімі тақтаға шығып, тапсырманы шешіп тұрған ер баланың артынан келіп, әлденемен түйреп өтеді. Бейнежазбадан оқушының ауырсынып қалғаны байқалады әрі оның алдында мұғалімнің шкафқа жақындап келіп, одан бұрандалы шегені (шуруп) босатып алғаны да камераға түсіп қалған.

Полиция қылмыстық іс қозғап, мектеп әкімшілігі аталған мұғаліммен еңбек шартын бұзып, жұмыстан шығарып жіберген еді.

Әлеуметтік желі қолданушылары мектеп басшылығының шешімі дұрыс емес деген байлам жасады. Ал мектеп ата-аналары ұстазды қолдау үшін қол жинамақ болды.

Ақыр-соңы педагог оқушының ата-анасынан кешірім сұрап, арада екі күн өткенде жұмысқа қайтадан алынды.

Осыған дейін Павлодар облысында шыбын-шіркейді улау жұмыстарына дайындық басталғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар