Павлодарда салынып жатқан Ертіс өзені үстіндегі көпірде өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар қаласында салынып жатқан Ертіс өзені үстіндегі көпірде өрт шықты. Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ағаш қалып пен жылу оқшаулағыш материалдар жанған.
Өрт туралы хабар кешкі уақытта түскен. Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру есептобы жіберілді. Құтқарушылар жеткен кезде құрылыс нысанында жылу оқшаулағыш пен ағаш қалып элементтерінің жанып жатқаны анықталған.
– Жедел әрі үйлесімді әрекет ете отырып, сондай-ақ өрт ошағы жерден шамамен 30 метр биіктікте орналасқанына қарамастан, өрт сөндірушілер жалынды қысқа мерзімде ауыздықтап, толықтай сөндірді, – деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылардың айтуынша, өрттің салынып жатқан көпірдің бүкіл құрылымына таралуына жол берілмеген.
Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері кейінірек анықталады.
Бұған дейін Ақсай қаласында тұрғын үйдегі өрт салдарынан үш адам көз жұмғаны хабарланған болатын.