Павлодарда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға демеушілер 208 млн теңге көмек көрсеткен

Дидар Елубаев
Фото: Павлодар облысы Өңірлік коммуникациялар орталығы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға демеушілер 208 млн теңге көмек көрсеткен. Бұл қаражаттың 110 млн теңгесіне Жалаулы ауылында жаңадан бес үй салынып жатыр. Тағы екі үй жалпы сомасы 4,1 млн теңгеге сатып алынған.

Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың барлық өтінімдері толық көлемде өтелген. Демеушілік қаражат есебінен 120 отбасы жалпы сомасы 98 млн теңге өтемақы алды. Бұған қоса аталған отбасыларға жергілікті бюджеттерден 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы көмек төленген.

- Ақтоғай ауданының Жалаулы ауылында 5 үй және Шарбақты мен Тереңкөл аудандарында 2 үй қалпына келтіруге жарамсыз деп танылған. Жалаулы ауылында демеуші қаражатына қазіргі күні 5 үй салына бастады. Әр баспананың құны 22 млн теңге тұрады. Құрылысты алдағы үш ай ішінде аяқтау көзделген. Бұған қоса Шарбақты ауданының Красиловка ауылында тұруға жарамай қалған үй есептен шығарылып, зиян шеккен отбасыға демеуші есебінен құны 1,1 млн теңге тұратын өзге баспана сатып әперілді. Ал Тереңкөлдің Томарлы ауылында тұратын отбасының үйі де судан зардап шеккені себепті, демеушілер 3 млн теңге тұратын баспананы сыйға тартты. Осылайша облыс бойынша жарамсыз деп танылған 7 үйдің барлық шығынын демеушілер көтеріп отыр, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімі аппаратының басшысы Дидар Ибраев.

Оның айтуынша, аймақтағы тұрғын үйлерді су басу қаупі толығымен жойылды. Облыстық штаб тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Жоғарыда аталған 98 млн теңге тасқын судан дүние-мүліктері, үй техникалары мен аспаптары, шаруашылық ғимараттары бүлінген отбасыларға өтемақы ретінде төленген. Көмектің ең аз мөлшері – 70 мың, ал ең көбі 6 млн теңге болған.

Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов тасқыннан зардап шеккендерге тұрмыстық техника алатын ақша да береміз деген еді.

Осыған орай қарғын суға байланысты төтенше жағдай жарияланған Жалаулы ауылында тұрғындардың өтінімдерін жергілікті комиссия мұқият қарастырып жатыр. Жоғарыда аталған көмектерден бөлек, отбасыларға аудан қаражаты есебінен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін өтемақы төленеді деп күтіліп отыр.

Павлодарда су тасқынынан зардап шеккендердің бәрі өтемақы алды.

Еске сала кетейік, Павлодар облысы су тасқынының екінші кезеңіне дайын отыр.

Бұған дейін павлодарлық еріктілер Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек жеткізді.

Биыл тасқын судың көптігіне қарамастан Павлодар облысындағы Ақкөл-Жайылма алқабы нусыз қалғалы тұр.

Соңғы жаңалықтар