Павлодарда тағы 3 мектептің құрылысы басталады
2024 жылы Павлодарда тағы 3 мектептің құрылысы басталады. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Павлодарда 1200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталды. Келесі жылы әрқайсысы 1200 орындық тағы 3 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің де мәселесі шешілді.», - деді ол бүгін Орталық коммуникаицялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Облыс басшысының атап өтуінше, үш ауылда жаңа заманауи мектептер салынып, пайдалануға берілді.
«Өңірде жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 54 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қалған 162 мектепті келесі 2 жылда жөндейміз. Шағын ауылдардың балаларын тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды», - деді Асайын Байханов.