Павлодарда тазалық тәртібін сақтамаған 6 мыңнан астам азамат жазаға тартылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде экологиялық талаптарды бұзған 6656 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 6,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

БҚО-да аудан орталығы отыз жыл жиналмаған қоқыстан тазартылды
Фото: Kazinform\ЖИ

Павлодар облысының полициясы табиғат қорғау, экология органдарымен, қоғамдық ұйымдармен және экобелсенділермен бірлесіп, өңір аумағында рейдтік іс-шаралар жүргізді. 

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, рейдтер барысында қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу және қоғамдық орындарды ластау бойынша 6656 дерек тіркелген. Барлық құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптарды бұзу фактілері бойынша материалдар облыстық экология департаментіне жолданған.

— Рұқсат етілмеген қоқыс орындары жиі пайда болатын аумақтар ерекше бақылауға алынған. Мәселен Павлодар қаласының Солтүстік өнеркәсіптік аймағында «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі құрылыс қалдықтарын белгіленбеген жерге төккені анықталды. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін экология департаментіне жолданды, — дейді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мақсат Сәрин.

Еске сала кетейік, СҚО-да экологиялық талапты бұзғандар жазаланды.