06:11, 05 Маусым 2018 | GMT +5
Павлодарда заңсыз балық аулаған төрт адам ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында су полициясының қызметкерлері заңсыз бекіре балығын ұстаған төрт тұрғынды құрықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

«Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Павлодар ауданы Жаңа қала ауылының маңында Ертіс өзенінен заңсыз балық аулаған төрт адам ұсталды. Олар жеті келіден астам бекіре тұқымдас, екі келі көксерке және бес келі аса табан балықтарын заңсыз аулаған», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарласында.
Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы, 3-бөлігі, 1-тармақшасына сәйкес балық қорын заңсыз аулағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Шара барысында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері 60 фактіні анықтады. Оның ішінде 58-і ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383-бабы - «заңсыз балық аулау», екеуі ҚР ҚК-нің 335-бабы, 3-бөлігіне қатысты.