Павлодарда жаңа трамвайлар жолға шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығында Беларусь елінде жасалған 4 жаңа вагонның таныстырылымы өтті. Сәуір айының соңына дейін тағы 6 трамвай жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 11 трамвай бағыты жұмыс істейді. Күн сайын желіге 83 трамвай шығып, қала орталығының тұрғындарына, өндірістік кәсіпорын жұмысшыларына да қызмет көрсетеді. Жыл сайын бұл экологиялық көлік түрімен 15 миллионға жуық адам жол жүреді.

Жаңа вагондар 160 адамға шақталған, оның 36-сы — отыратын орын. Басты ерекшеліктерінің бірі — автономды жүру мүмкіндігі, яғни электр желілерінсіз қозғала алады. Батарея арқылы вагондар 60 км/сағ жылдамдықпен 20 шақырымға дейін жүреді.

Мұндай трамвайлар жаңа бағытты іске қосу мақсатында арнайы сатып алынған. Биыл «Достық» шағын ауданында трамвай желісінің құрылысы басталады.
— Желі бойынша мердігер анықталды, жер жағдайы мүмкіндік берген бойда іске кіріседі. Себебі жол төсеуге қатысты қиындықтар бар, ол жерді тазарту керек. Жоба техникалық тұрғыдан күрделі болғандықтан, оны келесі жылдың жазының соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, — деді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, жаңа вагондар Павлодарға 2025 жылдың соңына дейін жеткізілуі тиіс болатын. Алайда Беларусь еліне салынған санкцияларға байланысты шарт жасасу кезінде қиындықтар туындаған еді.

Бұған дейін Беларусь трамвайлары Павлодарға не себепті жеткізілмей жатқанын жазған болатынбыз.
Ал биылғы жыл басында «Д. Д. Махмудов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ акциялар пакеті «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан Павлодар облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне берілді.