Павлодарда жеті жас ғалымға Қаныш Сәтбаев атындағы грант тапсырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде «Қаныш ісбасарлары» конкурсының нәтижесі шығарылды. Ізденісімен елден ерекшеленген 7 жас ғалымға Қаныш Сәтбаев атындағы грант табыс етілді.

Марапаттау салтанаты Қаныш Сәтбаевтің 125 жылдық мерейтойына арналған республикалық ғылыми конференция барысында ұйымдастырылды.
Мұндай құрметке Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің ғалымдары Айтолқын Дүзелбаева, Қымбатша Мұхамедиева, Динара Шәкенова, Торайғыров универсиетінен Мәди Рахымов, Иван Раделюк, Римма Уәлиева, Қ.Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының ректоры Далида Сиваракша ие болды.
Еңбегі еленіп, тұғырдан көрінгендердің бірі – Торайғыров университетінің «Қазақстан тарихы» кафедрасының постдокторанты, PhD докторы Мәди Рахымов. Мәди Илялұлы соңғы жылдары Ертіс-Баян өңіріндегі киелі жерлерге тарихи тұрғыдан баға беруге еңбек сіңіріп жүрген жас ғалымдардың бірі. Ол киелі орындарды дамыту және насихаттаумен айналысады. Отарлық, кеңестік және тәуелсіз Қазақстандағы естелік орындар тарихын зерттеумен шұғылданып, жақын уақытта монографиялық еңбек шығармақ ниетте.
Еске сала кетейік, Қаныштың әкесі Имантай Сәтбайұлына «Халық судьясы» төсбелгісі не үшін берілгені туралы жазғанбыз.