Павлодардағы дауыл: 540 шаршы метр төбе жабыны сөгіліп, жарық өшудің 28 дерегі тіркелді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде қатты желдің салдарынан төбе жабынының зақымдалуына байланысты 15 оқиға тіркелген. Келтірілген шығынның ең үлкен көлемі Ақтоғай ауданына тиесілі, аудандық аурухананың көлемі 130 шаршы метрлік төбе жабыны желге шыдамай, сыпырылып түскен.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаменті Павлодар облысында соғып тұрған сұрапыл желдің салдарынан зақымдалған ғимараттар мен өзге де нысандар туралы соңғы ақпараттармен бөлісті.
— Секундына 28 метрге дейінгі қатты желдің салдарынан Павлодар облысында төбе жабындары мен шатырлардың бұзылуының 15 фактісі тіркелді. Павлодар қаласында 2 факті тіркелді. Жаңаауыл ауылында қатты желдің салдарынан жеке үйде 12 шаршы метр және Торговая көшесіндегі қойманың 100 шаршы метр төбе жабыны бұзылды. Екібастұзда және оның ауылдық аймағында 4 факті тіркелді: Шідерті ауылындағы көппәтерлі үйдің 30 ш. м шатырының ішінара бұзылуы, Шідерті ауылдық орта мектептің 5 ш. м. алаңында, Құлақөл ауылындағы жеке үйдің 6 ш. м. төбе жабыны зақымдалғаны анықталды. Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан 40 шаршы метр алаңда Шиқылдақ ауылының Қ.Сәтбаев атындағы мектептің қазандық шатыры бұзылды. Ақсу мен оның ауылдық аймағында 4 факті бар. Ақсу қаласында қатты желдің салдарынан № 2 БЖСМ төбе жабынының 160 шаршы метрі, 26 шаршы метр алаңдағы трансформаторлық қосалқы станция, сондай-ақ көппәтерлі үйдің қасбетінің 80 шаршы метрі бұзылды. Қалқаман ауылында қатты желдің салдарынан үш қабатты тұрғын үйдің қасбетінің қаптамасына нұқсан келді, — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметінен.
Бұған қоса Ақтоғай ауданында аурухананың 130 шаршы метр төбе жабындысы, Баянауыл ауданында бір үй мен ауылдық мешіттің, ауылдық әкімдік пен орта мектептің төбе жабындары зақымдалған.
Ал Ақтоғай, Баянауыл, Май, Ертіс, Шарбақты, Успен, Аққулы аудандары мен Ақсу қаласында электр қуатының өшіп қалуы бойынша 28 факті тіркелді.
Бұған дейін Павлодарда сұрапыл желдің жылдамдығы секундына 32 метрге дейін жеткені туралы туралы жазған едік.
Еске сала кетейік, Павлодарда күшті жел салдарынан үстіне ағаш құлаған әйел жан тапсырды.
Қатты желге байланысты Павлодар облысының барлық аймағында сабақтар онлайнға көшірілді.