Павлодардағы орман резерваттарында көшеттердің жерсінуі екі есе төмендеген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жергілікті орман қорғау мекемелерінде елеулі заң бұзу анықталған. Атап айтқанда, көшеттерді есепке алудың тиісті деңгейде жүргізілмеуі, отырғызу материалдарын негізсіз есептен шығару, көлемдерді жалған ұлғайту және олардың төмен жерсінуі тіркелген.
Павлодар облысы прокурорлары жергілікті орман шаруашылықтарын тексеріп, бірқатар заң бұзуды анықтаған.
— Соңғы 10 жылда табиғи резерваттағы көшеттердің жерсіну деңгейі екі есе төмендеген, сонымен қатар оларды есептен шығару көлемі артқан. Көшеттерді есепке алу дұрыс жүргізілмей, отырғызу материалдары негізсіз есептен шығарылған. Сондай-ақ орман көлемдерін ұлғайтып көрсету, көшеттердің төмен жерсінуі де анықталды. Осындай кемшіліктер салдарынан орманмен көмкерілген алқаптардың азаюы жалғасып жатыр. Мұндай жағдай «Ертіс орманы» резерватында, Баянауыл ұлттық паркінде және өзге де орман шаруашылықтарында кездесіп отыр, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Прокурорлар жауапты мекемелерге экологиялық заңнама талаптарын қатаң сақтауды ескертті.
Анықталған заң бұзы бойынша қадағалау шаралары қабылданып жатыр. Жекелеген жағдайларда процессуалдық шешім қабылдау үшін материалдар Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданған.
Полиция департаментіне ағаштарды ұрлау және көшеттерді заңсыз тасымалдау деректері бойынша қылмыстық істерді тергеу, сондай-ақ уәкілетті органдарға орман қорын ұлғайту мен қорғау бойынша бірқатар тапсырма берілді.
Бұған дейін Павлодар ормандарында өртке қарсы бақылауға дрондар жұмылдырылғанын жазғанбыз.