Павлодардағы тұрақтандыру қорында қанша өнім сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс азық-түлік бағасының арзандығы жөнінен 12 позиция бойынша республикадағы өңірлер арасында ТОП-5 тізіміне кіреді.

Ертіс-Баян өңірінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» негізінде құрылған бір тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Онда бүгінде жалпы көлемі 9,9 мың тонна азық-түлік өнімдері сақталып тұр.
Азық-түліктің 12 атаулы түрі облыс бойынша 212 әлеуметтік дүкен мен әлеуметтік сауда нүктелерінде сатылады.
«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қоры азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Дәндібаевтің айтуынша, қазіргі күзгі кезеңде көптеген азық түріне тұтынушылар тарапынан сұраныстың жоқтығына немесе күрт азайып кеткеніне байланысты қорда арнайы тізімге енетін өнімдердің кейбірі жоқ. Қазір мәселен нарықтағы бағаның арзандауына байланысты көкөніс өнімдеріне сұраныс мүлде жоқ. Егер қорда азық-түліктің белгілі бір түрінің сақталу мерзімі аяқталып қалса немесе көп тұрып қалса, онда ол шартты түрде жеткізушіге қайтарылады. Жеткізуші оны кейін жаңа өніммен жаңартып береді.
— Қорда шамамен 9,9 мың тонна көлемінде 12 түрлі азық-түлік бар (бірінші сұрыпты бидай ұны, йодталған тұз, макарон өнімдері, қант, күріш, күнбағыс майы, пияз, ақ қырыққабат, сәбіз, картоп, қарақұмық жармасы және бірінші сұрыпты тауық жұмыртқасы). Барлығы алдағы айларға жеткілікті көлемде жиналған. Өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыруға және пайдалануға қаражатты жергілікті атқарушы органдар бөледі. Біздің өнімдеріміз келiсiмшарт жасалған өндiрушiлерде (жеткiзушiлерде) сақталады. Қажет болған жағдайда қорға жеткізіп береді. Облыс орталығына әкелінген азық-түліктер жергілікті қоймада сақталып, одан әрі облыстың серіктес дүкендерiне жедел сатылып отырады, — деп түсіндірді Азамат Дәндібаев.
Облыста бірінші сұрыпты ұн, тауық жұмыртқасы, қарақұмық жармасы, картоп, сәбіз сияқты өз өнімдерін тұрақты жеткізіп 10 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші бар.
Тұрақтандыру қоры ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өтінімдерге сәйкес, әр 3 айға қажеттіліктің 50%-на дейінгі көлемде қалыптасады.
— Бізден сатылымға шығатын азық-түліктің бағасы әрдайым назарымызда. Сауда субъектілері бакалея өніміне 10 пайыздан аспайтын, ал көкөніс пен картопқа 15 пайыздан аспайтын үстемеақы қосуға ерікті, — деп қосты қор өкілі.
Атап өтерлігі, Павлодар облысы азық-түліктің арзандығы жөнінен 12 позиция бойынша республикадағы ТОП-5 кіріп отыр. Олар — бірінші сұрыпты ұн, күріш, қарақұмық жармасы, сары май, күнбағыс майы, сүт (2,5%), айран (2,5%), сүзбе, картоп, сәбіз, пияз және қырыққабат. Бағаны ырықтандыру жағынан облыстың позициясы жақсара түскені байқалады. Былтыр бұл уақытта ТОП-5-ке аталған өңірден 7 азық-түлік түрлі ғана енгенін жазғанбыз.
Еске сала кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне арналған тариф жыл соңына дейін өспейді.