Павлодардың елді мекендерін жапырақ жемірі мен бүйі басып барады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңіріндегі бірнеше елді мекенді рапс жапырақ жемірі жайлап, өсімдік жапырақтарын кеміріп, орасан зор зиян келтіріп жатыр. Тұрғындар бұған қоса үйлерінде бүйілердің қаптап жатқанына алаңдаулы.

Майқайың кентінің тұрғыны Махаббат Абсаттарованың айтуынша, қызыл-қоңыр түстес қоңыздар соңғы күндері жер үйлердің маңайына толып кеткен.

- Үйлеріміздің маңайында қоңыздан аяқ алып жүретін жер жоқ. Қоңыздар жер астынан шықты ма білмейміз, әйтеуір кен жыныстары үйілген жақтан топ-тобымен үздіксіз келіп жатыр. Бау-бақшаларды, жасыл шөпті жерлерді былай қойып, үй қабырғаларына өрмелеп, тіпті кейбір үйдің ішіне кіріп жатқаны байқалады. Бұған қоса үйіміздің ішінде үлкен бүйілер пайда болды. Балаларымыз қорқады,-дейді тұрғын.
Адамдардың айтуынша, қоңыздарға үй жағдайындағы химиялық заттар ешқандай әсер етпейтін көрінеді. Кейбіреулер сірке суын құйып, сарымсақ суымен де өңдеп көріпті. Одан еш нәтиже шықпаған соң көпшілік жергілікті әкімдікке хабарласып, көмектесуді өтінген.
Кент әкімі Ербатыр Молдатаев аталған жайт бойынша фитосанитария органдарына хат жазылғанын жеткізді. Енді жауабын күтіп отыр.
Айтуынша, қоңыздар мен бүйілердің қаптауы әзірше жер үйлер орналасқан «Шанхай» шағын ауданында ғана байқалып отыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе жәндіктер кенттің барлығын жайлауы ғажап емес. Сондықтан фитосанитариялық мекемелер қолұшын береді деген үмітте. Қазіргі уақытта кентте 10 мыңға тарта халық тұрады.

Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкеновтің сөзінше, бұл қоңыздар – «рапс жапырақ жемірі» деп аталады. Сыртқы түрі колорадо қоңызына ұқсайды.
- Рапс жапырақ жемірі орамжапырақ тұқымдасының жабайы өсімдіктерімен, сондай-ақ шалқан, арпа, қырыққабат, шалғаммен қоректенетін зиянкес. Жәндік өсімдіктер карантині шаралары белгіленетін және жүргізілетін карантиндік объектілер мен өзге де түрлерінің тізіміне кірмейді. Соған сәйкес, оны өңдеуге бюджеттен ақша қарастырылмайды. Қазіргі жағдайда жапырақ жемірі Павлодар облысы бойынша Ақсу қаласына қарасты Ақжол ауылында, Баянауылдың Майқайың кентінде, Павлодар ауданының Черноярка ауылында тіркеліп отыр. Бау-бақшасы барларға бұл аса зор қауіп. Ал елді мекендерде таралса, оған химиялық өңдеу жүргізуге болмайды. Тек қолмен теріп алу, орлар қазу сияқты мехникалық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Аумақтық инспекция мамандары жеке тұрғындарға, бау-бақшалар мен шаруа қожалықтарының иелеріне препараттарды қолдану бойынша ұсыныстар береді. Ал әзірше бізге Майқайың кентінен шағым түскен жоқ, - дейді басқарма басшысы.
Мамандардың айтуынша, рапс жапырақ жемірінің көбеюі елімізде былтырдан бері байқалған. Бұған ылғалдың мол болуы әсер етуі ықтимал. Жәндіктің адамға еш зияны жоқ.
Еске сала кетейік, Алматыдағы 2,3 млн ағаш зиянкестерге қарсы өңдеуден өтеді.