«Педагогикалық идеялар панорамасы — 2025» байқауының аяқталуына 1 апта қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Өңірлік кезеңнен өту үшін бейнематериал әзірлеу міндетті емес. Алдымен жұмыс мазмұны мен өзектілігі жазбаша түрде ұсынылуы қажет, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігі.

Министрлік атап өткендей, педагогикалық идеяның бейнематериалы республикалық кезеңге өткен соң сұралады.
Конкурс бағыттары:
1. Оқу сауаттылығы
2. Математикалық сауаттылық
3. Жаратылыстану-ғылыми сауаттылық
4. Цифрлық сауаттылық
5. Экологиялық сауаттылық
6. Мәдениетаралық сауаттылық
7. Қаржылық сауаттылық
Байқау талаптары келесідей:
- әрбір қатысушы тек бір бағыт бойынша бір жұмыс ұсына алады;
- жұмыс авторлық әдістемелік идеяны қамтуы тиіс;
- материал басқа конкурстарға ұсынылмаған, еш жерде жарияланбаған, авторлық құқықты бұзбайтын және Қазақстан заңнамасына сай болуы тиіс.
— Байқауға еліміздің барлық өңіріндегі мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлері қатыса алады. Жеңімпаздар ТМД елдері арасында өтетін Педагогикалық шеберлік халықаралық фестиваліне қатысуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, байқау нәтижелері педагогтерді аттестаттау кезінде ескеріледі, — деп түсіндірді ведомство.
Айта кетейік, конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер https://ppi.orleu.edu.kz сайтында 1 қыркүйекке дейін қабылданады.
Осыған дейін Астана әкімдігі бөлген 526 грант педагогикалық мамандықтарға үлестірілгені анықталды.