Педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың кандай тетіктері бар
АСТАНА. KAZINFORM – Педагогтерді әлеуметтік жағынан қолдаудың кандай іс-шаралары ескерілген? Мұғалімдерге кандай жеңілдіктер қарастырылған? Бұл сұрақтарға Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
- Салалық заңның 12-бабына сәйкес, педагогтерге берілетін әлеуметтік көмектер белгіленген. Атап айтқанда, тұрғынжайға, оның ішінде қызметтік тұрғынжайға және жатақханаға, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне кепілдік беріледі. Ауылды елді мекендерде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру заңнамада көзделген басымдық тәртіппен жүзеге асырылады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ауылдағы мұғалімге: жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша қала жағдайында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің ставкаларымен салыстырғанда айлықақылар мен тарифтік ставкалар кемінде жиырма бес пайызға арттырылып белгіленеді. Жергілікті өкілді органдар бекіткен тәртіппен және мөлшерде бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар ауылда тұру үшін келген педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін әлеуметтік қолдау қарастырылған. Жергілікті атқарушы органдар педагогке тұрғынжайды жалға алу үшін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге өтемақы төлемдерін, санаторий-курорттық емделуге әрі демалуға жолдама сатып алу үшін толық немесе ішінара төлемдер, сондай-ақ педагогті әлеуметтік қолдауға бағытталған өзге де жеңілдіктер белгілеуге құқылы.
- «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы бұйрығына сәйкес, жасы бойынша зейнеткерлікке төрт жылдан аз қалған педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Педагогтердің қолданыстағы біліктілік санаты өтініші негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Сонымен қатар Қағиданың 57-тармағына сәйкес, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар барлық лауазымдардың педагогтері қолданыстағы жүйе бойынша бұрын берілген біліктілік санатын растаған жағдайда ПББ тапсырудан босатылады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының мәліментіне сәйкес, 3 жылдың ішінде білім беру қызметкерлерінің отбасынан 14 748 бала (2023 жылы - 5 846 бала, 2024 жылы - 5 031 бала, 2025 жылы - 3 871 бала) кәсіподақ жеңілдігімен еліміздің шипажайлары мен демалыс орындарында сауықтырудан өтті.
Мұнымен қоса, салалық кәсіподақтың ақпаратына қарағанда, 3 жылдың ішінде (2023, 2024, 2025 ж.ж.) 81 211 білім беру қызметкері кәсіподақ жеңілдігімен еліміздің шипажайлары мен демалыс орындарында сауықтыруға барды.
Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты түсінік берді.
Жақында Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.
Оған сәйкес педагогтердің балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігін тек оқу процесі барысында айқындау ескерілген, яғни оқудан тыс уақытта және каникул немесе кешкі уақытта ата-анасының жауапкершілігі болуы тиіс.