Педагогтерді аттестаттау жүйесіне өзгеріс енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіп жатыр. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.

мұғалім
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жаңа аттестация педагогтердің жұмыс нәтижесіне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі.

Негізгі өзгеріс – педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады. Тестілеуден педагогикалық мамандық бойынша оқу орындарын аяқтап келген жас мамандар, педагогикалық өтілін тоқтатып, қайта жұмысқа орналасуға ниет білдірген педагогтер өтеді. Сонымен қатар ПББ тесті білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, әдістемелік орталық (кабинет) әдіскерлері үшін де сақталады.

Мектепте кемінде 2 жыл үздіксіз еңбек өтілі бар педагогтер біліктілік санатын алуға өтінім бере алады. Олардың біліктілігін бағалау жаңа қағидаларға сәйкес тек практикалық нәтижелер негізінде жүргізіледі. Яғни, педагогтің портфолиосындағы кәсіби жетістіктері мен оқушыларының нәтижесі, оқу-тәрбие жұмысын жүргізудегі деңгейі бағаланады.

Сондай-ақ барлық деңгей үшін авторлық бағдарламалар мен оқу-әдістемеліктерін ұсыну талабы алынып тасталады.

– Аталған өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты екенін естеріңізге саламыз. Жаңа жүйеге біртіндеп көшу мақсатында өтпелі кезең енгізіледі. ПББ-ны бірінші рет тапсыру кезінде мәлімделген біліктілік санатына қажетті шекті балл жинай алмаған педагогтердің қолданыстағы біліктілік санаттары мен тиісті үстемақылары толық көлемде сақталады. Олардың аттестаттауы 2026-2027 оқу жылына ауыстырылып, жаңа Қағидалар бойынша, ПББ тапсыру қажеттілігінсіз өткізіледі. ПББ тапсыру енді аттестаттаудан өтудің міндетті шарты болып табылмайды, - делінген министрлік хабарламасында.

Осылайша, жаңа қағидаларда аталған норманың алып тасталуына байланысты ПББ-ны қайта (ақылы негізде) тапсырудың күші жойылды. ПББ-ны қайта тапсыру үшін төленген қаражат толық көлемде қайтарылады.

Тестілеуден өткен, белгілі шарттарға сәйкес ПББ тапсырмай санаттарын растайтын педагогтер қолданыстағы қағидаларға сәйкес аттестаттаудан осы оқу жылында өтеді.

Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидалары әзірленіп жатыр. Оқу-ағарту министрлігі бұл модельді енгізу мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізетін болады.

Бұған дейін педагогтердің жұмысын жеңілдететін қандай өзгерістер енгізілетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар