Педагогтердің жұмысын жеңілдететін қандай өзгерістер енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Портфолио жинақтау және авторлық бағдарламаға қатысты бірқатар өзгеріс болмақ. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрі Instagram парақшасында бөлісті. 

Педагогтердің жұмысын жеңілдететін қандай өзгерістер енгізіледі
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, портфолио жинақтау жеңілдейді.

– Портфолио жинақтау енді электронды негізде болады. Сіз ұстаз ретінде қағаз, әркімнен қол жинап жүрмейсіз. Қазір Ustaz платформасын қарастырып жатырмыз. Мұның барлығы электронды болады. Ол туралы қосымша хабарлаймыз, - деді ол.

Сондай-ақ ұстаздар енді авторлық бағдарлама дайындап, әуреге түспейді.

– Тағы бір мәселе – авторлық бағдарлама. Сіздермен оны ұзақ талқыладық. Авторлық бағдарламалар да тоқтатылады. Енді авторлық бағдарламаны жазудың, ұсынудың қажеті жоқ, - деді министр.

Айта кетейік бұған дейін мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылатынын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар