Педагогтерге құрметсіздік танытқандар жауапкершілікке тартылады

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа оқу жылының қарсаңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев облыс әкімдерінің орынбасарларымен, қала және аудан әкімдерімен, сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдерінің басшыларымен кеңес өткізді.

Мұғалімдер
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Кездесуде ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының орындалуы талқыланды. Кеңесте министр мемлекет тарапынан білім беру жүйесін дамыту, педагогтерді қолдау және балалардың құқықтарын қорғау бойынша ауқымды шаралар қабылданып жатқанын атап өтті.

– Мемлекет басшысы республикалық тамыз конференциясында мұғалімдердің құқықтарын қорғау, педагогтерге өз қызметіне сәйкес келмейтін міндеттерді жүктемеу туралы ерекше атап өтті. Жергілікті атқарушы органдарының тарапынан заң өрескел бұзылған жағдайда, прокуратура органдары араласуы тиіс. Сондай-ақ балаларға қатысты болған қайғылы оқиғалар үшін де мұғалімдерді жазалау – орынсыз, – деді Ғани Бейсембаев.

Соңғы жылдары жағдай едәуір жақсарған. 2020 жылмен салыстырғанда заңбұзушылықтар саны үш есе азайды. Алайда білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы хабарлағандай, бұл мәселе кейбір өңірлерде әлі де сақталып отыр. Ең жиі кездесетін жағдайлар – мұғалімдерді өз міндетінен тыс жұмыстарға тарту, олардың ар-намысына тию, билет сатып алуға немесе түрлі іс-шараларға қатысуға мәжбүрлеу. Кеңес барысында жергілікті атқарушы органдардың басшыларына Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы қабылданған ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының негізгі нормалары жан-жақты түсіндірілді.

Бұл заңда мұғалімдердің жүктемесін азайту, негізсіз тексерулер мен педагогке тән емес функцияларға жол бермеу, сондай-ақ жауапкершілікке тартудың құқықтық тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, педагогтерге құрметсіздік танытқандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 409-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сонымен қатар заңда педагогтердің негізгі міндеттері нақты айқындалған. Олардың қатарында сапалы білім беру мен тәрбиелеу, баланың құқықтарын құрметтеу, педагогикалық этиканы сақтау, кәсіби құзыреттілігін үнемі жетілдіру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бар.

Кеңесті қорытындылай келе, министр мұғалімді қорғау арқылы біз баланың сапалы білім алу құқығын қамтамасыз ететінімізді атап өтті. Барлық мемлекеттік орган «Педагог мәртебесі туралы» заңды орындауға міндетті.

Бұл ретте өңірлік білім басқармалары мен аумақтық департаменттер заң талаптарын түсіндірумен қатар, олардың нақты орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Білім беру саласында заңдылық пен тәртіпті сақтау баршаға ортақ әрі міндетті талап болуы қажет.

Айта кетейік, «Педагогикалық идеялар панорамасы — 2025» байқауының аяқталуына 1 апта қалды.

Жаңа оқу жылында 30 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады.

Соңғы жаңалықтар