«Pepsi Co» Нарынқол картобынан өнім шығарады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 751 млрд теңгеге жетті. Облыста шыққан өнімдер Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне сатылып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев айтты.

қытырлақ картоп
Фото: pexels.com

Әкімнің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 682 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7%-ын құрады. Биыл бұл көрсеткіш 3,3% өсіммен 751 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Облыстың ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау көлемі жылдан-жылға артып келеді.

– Мәселен, біздің облыстағы Шин-Лайн компаниясының балмұздағы Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне шығарылды, «Fruit Art» компаниясының сублимациялық өнімдері, «LST AGRO» жылыжайындағы томат өнімдерінің 90%-ы Ресейдің «Пятерочка», «Магнит» секілді ірі сауда желілеріне тікелей жеткізіледі. Осындай компаниялардың қарқынды жұмысы нәтижесінде ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға артып, 345,2 млн долларға жетті, – деді М.Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Сонымен бірге мемлекеттік қолдау аясында 13 сүт-тауар фермаларын құруға республикалық бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді.

– Ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеуді ұлғайту мақсатында «Pepsi Co» компаниясымен келіссөздер жүргіздік. Нәтижесінде, Нарынқолда өсірілген картоптан «Lays» өнімдері шығарылатын болды, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, облыс ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидия көлемі бойынша 8 орында болғанымен, өнім көлемі бойынша тұрақты түрде республикада 5-орында тұр.

– Бүгінде мемлекеттік қолдаудың 1 теңгесіне 17 теңгеге өнім шығарылуда, бұл көрсеткіш бойынша республикада алдыңғы қатардамыз, – деді Алматы облысының әкімі.

Бұған дейін әкім Алматы облысының экономикасы 6 трлн теңгеге дейін өскенін айтқан еді.

Сондай-ақ, Алматы облысында 1,3 трлн теңге инвестиция тартылып, 15 индустриалды аймақ құрылады.

Соңғы жаңалықтар