PepsiCo, Amazon, Wabtec: Президенттің АҚШ-қа сапары қалай өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Президенттің Нью-Йоркке сапары аясында маңызды кездесулер өтіп, саяси-экономикалық келісімдер жүзеге асты. АҚШ бизнес өкілдерімен логистика, жасанды интеллект, өнеркәсіп саласына қатысты құжаттарға қол қойылғанын да білеміз. Kazinform-ның аналитикалық шолушысы мұхиттың арғы жағында жасалған келісімдер ел келешегіне қалай әсер ететінін әрі Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды идеяларды тарқатты.

АҚШ
Коллаж: Kazinform / Aqorda

Орта дәлізден Орта державаға дейін

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тағы сапарында Қазақстанның экономикалық әлеуетін әлем елдеріне барынша таныстыруға тырысты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Орта дәліздің қуаты мен Орта державалық елімізді көрсетіп бақты. Мұндай талпыныс саяси мойындалудан бөлек, экономикалық ықпалдастыққа жалғасқандай әсер қалдырды.

Олай дейтініміз, кейінгі жылдары айтыла бастаған Орта держава түсінігі біздің инвестициялық тартымдылығымызды арттыруға бірден-бір септігін тигізген «жұмсақ күшке» айналғаны бар. Қазір де соның пайдасын көріп отырмыз.

Мысалы, Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар секілді стратегиялық тұрғыдан маңызды салаларды қамтитын құжаттарда ел экономикасына 5,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылмақ.

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің ойынша, Орта держава түсінігі тек теориялық ұғым емес, экономикалық тиімділігі бар тетікке айналды.

– Ондаған жылдар бойы ірі державалар әлсіз елдердің көзқарасын елемей келді. Әскери, экономикалық қысым арқылы дегенін істетіп отырды. Осы орайда Орта державалардың шығуы және күшеюі балансты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Орта державалар өзара байланыс жүйесін жетілдіріп, мүдделерін қорғау үшін күш біріктіре алды. Қазір Орта держава ретінде танылған Қазақстан, Оңтүстік Корея, Румыния, Аргентина, Вьетнам секілді елдер алпауыт мемлекеттермен тиімді қатынас жасап келеді, – деді сарапшы.

Газиз Абишев
Фото: Kazinform

Спикер саяси салмақты болуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген пікірде. Қазақстанның логистикалық хабқа айналуы мен Орта дәлізді дамытуына осы Орта держава ретіндегі әлеуетінің артуы себеп болып отыр. Демек, Орта держава мен Орта дәліз идеясы бір-бірін демеуші құралға айналды.

Мемлекет басшысының Нью-Йорк қаласына ресми сапары аясында Орта дәліздің қуатын көтеруге қатысты біршама келісім болғаны белгілі. Қазақстан Wabtec компаниясымен жалпы сомасы 4,2 миллиард доллар болатын келісімге қол қойған еді. Алдағы уақытта Wabtec Қазақстанға 300 локомотив жеткізіп, оған сервистік қызмет көрсететін болады.

АҚШ
Фото: Ақорда

Азия мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 80 пайызы тиесілі ел үшін бұл келісімнің орны бөлек. Онсыз жүк тасымалының қуатын арттыру мүмкін емес.

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, логистика саласы Қазақстан үшін келешектің «мұнайына» айналуы мүмкін.

– Күндердің бір күні мұнай да сарқылады. Сонда 20 млн халық қалай күн көрмек? Балама бірнеше жол бар: біріншісі – өнеркәсіп, кейінгісі – ауыл шаруашылығы, үшіншісі – логистика. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы инвестицияның қайтымы уақыт күттіреді. Ал логистикадан көп табыс алуға мүмкіндік бар. Оңтүстік пен батыстың сауда қатынасы біз арқылы өтеді, жаңа «Жібек жолы» өркендеуде. Мыңдаған шақырым аралықты пайдаға асыру үшін көлік тасымалы оңтайлы болуы шарт, сол үшін локомотивті жаңарту маңызды деп санаймын, – дейді саясаттанушы.

Аталған келісім аясында Wabtec есебінен KinetiX жүйесінің 5 жиынтығын жөндеу көзделген. Нақты айтсақ, жылжымалы құрамды есепке алу, бақылау және диагностикалаудың цифрлық жүйесін жеткізу, үш жыл ішінде 505 бірлік локомотивтің тежегіш цилиндрлері мен компрессорларын күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Тағы бір артықшылық, сервистік орталықтары бар шалғай өңірлерде орналасқан қызметкерлер үшін әлеуметтік нысандар салу көзделген.

Спикер «неліктен жақындағы Қытай мен Ресей локомотивтерін алмадық?» деген сауалға да жауап берді.

– Қазіргі уақытта Ресейдің өнеркәсібі әскери тапсырыстарға ден қоюда, қажетті көлемдегі сұранысты орындай алмайды. Ал қытайлық ішкі нарығын қамтамасыз етумен әлек. Ал АҚШ-пен келісім оңтайлы. Миллиардтаған доллар бергесін өзімізге тиімді ұсыныс айта аламыз. Тарифті төмендетуді немесе вагондарды Қазақстанда өндірілген металдардан жасауға көндіруге болады, – дейді ол.

Айта кетейік, 2009 жылдан бері Астанада Wabtec Kazakhstan локомотив құрастыру зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Осы аралықта компания өндіріске 230 миллион доллардан астам инвестиция құйды. Кәсіпорын бүгінге дейін «Қазақстан темір жолына» және экспортқа арналған 600-ден астам локомотив құрастырды. Өндірістің локализация деңгейі 45 пайызға жетті.

Америка бизнес өкілдері қай салаға келеді?

АҚШ-тың технологиялық алыптарының бірі – Amazon компаниясы да ел нарығына кіруі мүмкін. Әсіресе цифрландыру, байланыс және жасанды интеллект салаларында компания өнімдері әзіреленеді деген жоспар бар. Қазірдің өзінде Amazon компаниясының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, сонымен қатар «Қазақтелеком» компаниясымен жобаларды бастаған.

Қазақстан Астанада Қытай компаниясымен бірге 10G интернетті сынақтан өткізбекші
Фото: freepik

Алдағы уақытта Amazon Kuiper компаниясы Алматы, Ақкөл, Ақтау қалаларында 200 миллион долларға жуық инвестиция салуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде еліміздің шалғай өңірлері жылдамдығы жоғары спутниктік интернетке қол жеткізбек. Демек, Қазақстанға Kuiper спутниктік желісі келетін болады әрі нарықтағы танымал ойыншы – Starlink-ке бәсеке болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде баға саясаты мен сапа көрсеткішіне әсер етері анық.

– Бұл - біздің Орталық Азиядағы алғашқы ірі және ең маңызды жобамыз. Мұны мақтан тұтамыз. «Қазақтелеком» компаниясымен бірге тұрғындарды жылдамдығы жоғары және арзан интернетпен қамтамасыз етеміз. Аталған жобаны ілгерілетуге ықыластымыз, – деді Аmazon компаниясының аға вице-президенті Дэвид Запольски.

Әлемге әйгілі бренд PepsiCo да Қазақстанға инвестиция салуға ниетті. 368 млн долларға Алматы облысында снэктер шығаратын зауыт құрылысын бастамақ. Жоба жүзеге асса, компания 900-ге тарта тұрақты жұмыс орнын ашып, қытырлаққа арналған картопты жергілікті жерде өсіруге ниетті. Қазір бағдарламаға Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Алматы және Жетісу облыстарынан 15-ке жуық шаруашылық қосылған.

АҚШ
Фото: Ақорда

Бұдан бөлек Президент Meta, Goldman Sachs Global, Cerberus Capital Management, ExonMobil, Blackstone, Сitigroup, Embraer компанияларының өкілдерімен кездесті. Blackstone компаниясына дата орталық құрылысы жобасын бірлесіп іске асыру ұсынылса, Cerberus Capital Management-ке Орта дәліз жобасын бірлесе атқару ұсынысы айтылды. Ал «Embraer» ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін сервистік орталық ашуы мүмкін. Бұл компаниялар энергетика, транзит, телекоммуникация, жасанды интеллект және басқа да маңызды салаларға басымдық беруді көздеп отыр.

Экономикалық зерттеулер институтының дерегінше, кейінгі он жылда Қазақстан-АҚШ тауар айналымында өсім тұрақты. Көрсеткіш 2015 жылы 1,9 млрд АҚШ долларын құраса, 2024 жылы екі есеге өсіп, 4,2 млрд АҚШ долларына жеткен.

Жасанды интеллект пен шикізат өндірісі

Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы бастамасына атақты OpenAI компаниясы атcалысуы ықтимал. Мемлекет басшысының компания өкілдерімен кездесуі кезінде ChatGPT өнімін елдегі жоғары оқу орындарына енгізу идеясы ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, ChatGPT студенттер мен оқытушылар үшін жеке тәлімгер әрі оқыту көмекшісі ретінде қызмет атқарады. Президент бұл бастаманы оң қабылдап, OpenAI компаниясы Қазақстан билігімен диалогты жалғастыруға ниетті екенін білдірген болатын.

сунъий интеллект
Коллаж: Kazinform/Freepik

Экономист Әнуар Нұртазинның айтуынша, ЖИ әлемдік білім беру құрылымын, ойлау философиясын түбегейлі өзгертуі мүмкін. Егер OpenAI компаниясы ауқымды ЖИ-ді енгізер болса, жоба аймақтардағы оқушылар үшін пайдалы. Себебі шалғай ауылдарда білім сапасы мен кадр тапшылығы жоқ емес, бастама мәселені шешуге көмектесері анық.
– ЖИ-ді салаға енгізерде бірнеше маңызды тұсты ескерген жөн. Біріншіден, оқушылар арасында қолданылатын жасанды интеллектінің жұмыс әдістемесі отандық білім беру жүйесі арқылы басқарылуы керек. Себебі тәуелсіз елдің ұлттық білім беру жүйесі қауіпсіз құрылуы өзекті.
Екіншіден, OpenAI-ды пайдаланып, қазақстандық IT компаниялардың жасанды интеллект бағытындағы тәжірибесін жетілдіру керек.
Үшіншіден, жасанды интеллектінің үш сатыға бөлінетінін ойлаған дұрыс: әлсіз (Narrow AI), мықты (General AI), супер интеллекті (Superintelligence). Олар әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды орындауда қолданылады. Кейбірі тек таныммен шектелсе, кейбірі эмоция мен өзіндік шешімдер жасай алады. Соған орай қуаты да нақтыланады. Бізге қай нұсқасы келетінін анықтау маңызды. Дата-желіні сол мәліметке қарай құруымыз керек, – деді сарапшы.

Әнуар Нұртазин
Фото: Әнуар Нұртазиннің жеке мұрағатынан

Президент бұған дейін маңызды шикізат материалдарын игеруге басымдық берілетінін айтқан еді. Әсіресе мыс, вольфрам, қорғасын, мырыш, литий, графит және жоғары технологияға аса қажетті пайдалы қазбаларға инвестор тартуға бейіл. Мемлекет басшысы АҚШ-қа сапары кезінде осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға талпынды.

Бастысы, кездесу барысында мұнай-газ саласындағы маңызды серіктесіміз – Сhevron корпорациясымен қарым-қатынас жаңа деңгейге өтті. Тәуелсіздік жылдары Chevron Теңіз, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеруге атсалысып, Қазақстанға 55 миллиард долларға жуық инвестиция құйды. Қазір әлемдегі ең ірі энергетикалық компания өндіретін жалпы өнімінің 25 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Біз тау-кен саласында еңбек ететін инвесторлар үшін ашық әрі мазмұнды заңнамаға негізделген қолайлы юрисдикция қалыптастырдық. Отандық тау-кен секторына қазірдің өзінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo Teck және Fortescue сияқты ірі компаниялар келді, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы АҚШ-тың Қазақстанға салған тікелей инвестициясының 96,4%-і тау-кен өнеркәсібіне және кен орындарын игеруге бағытталды. Сондықтан алдағы инвестициялық бағдардың басым дені әлі де осы салада болары сөзсіз.

Қорыта айтсақ, Мемлекет басшысының жұмыс сапары кезінде Қазақстан мен АҚШ-тың ірі компаниялары арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Көлік-логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар секілді маңызды бағыттарға 5,2 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартылғаны – қуанышты жаңалық.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында бірнеше елдің басшыларымен тікелей тілдесті. Оның ішінде АҚШ, Франция, Монако, Люксембург, Финляндия, Бельгия, Украина, Черногория мемлекет басшылары бар. Оған қоса Еуропалық Кеңес пен FIFA президенті, БҰҰ Бас хатшысымен жолықты.

Соңғы жаңалықтар