Перизат Қайрат дайын диплом сатып алғысы келген бе
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада қайырымдылық қордың бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап процесі жалғасып жатыр.

Сот отырысында куәгер Толғанай Боранқұловадан жауап алынды. Прокурор Мәдина Оразалина сотталушы Перизат Қайраттың ұялы телефонындағы (2023 жылғы 18 мамырдағы) хат алмасуды оқып берді. Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, Перизат Қайрат танысымен хат алмасу барысында қазақстандық дипломды алу мүмкіндігі туралы сұрастырған.
– Қазақстан дипломын «жасатып алуға» көмектесетін таныстарың бар ма? – деп оқыды прокурор Толғанай Боранқұловаға жіберілген хабарламаны.
Куәгер өз кезегінде хат алмасудың шынайылығын растады.
- Менің ойымша, сол уақытта ол бір министрдің көмекшісі болып жұмысқа орналасып жатыр еді, - деп толықтырды Т. Боранқұлова.
Оның айтуынша, күдікті Перизат Қайратпен достық қарым-қатынаста болған.
Бұған дейін Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға аударғаны туралы жазған едік.
Сот барысында әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің есімі аталды.
Белгілі болғандай тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған.
Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.