Перизат Қайрат ісі: куәгерлер сотқа келмей жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Biz birgemiz қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап алу процесі жалғасып жатыр.

Бүгінгі екі жәбірленуші және бір жәбірленуші тараптың өкілі сот отырысына келмеді.
Прокурор Мәдина Оразалина жәбірленушілердің тергеу кезінде алынған жауаптарын оқып берді. Оның айтуынша, жәбірленуші Жәлелов, Бұхарбаев және Курмаеваның орналасқан жерін анықтау және байланыс орнату бойынша жедел шара нәтиже бермеген. Қызметкерлер көрсетілген мекенжайға барып, ұялы телефон арқылы хабарласуға және жақын туыстары арқылы байланысуға тырысқан, бірақ, нәтиже болмаған.
— Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігінің жедел уәкілі рапорт жасады, — деді прокурор сот залында.
Жарияланған жауапқа сәйкес, «Aneko L» ЖШС 3 млн теңге аударған. Бұл аударым келісімшарттық міндеттемесіз жасалған. Жауапта көрсетілгендей, Перизат Қайрат жетекшілік еткен қор туралы әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргендіктен, компания басшылығы қаражатты су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде сол қорға жіберуді ұйғарған.
Тағы бір жәбірленуші Манарбек Бұхарбаев жауабында 2024 жылдың сәуір айының басында әлеуметтік желі арқылы «Biz Birgemiz Kazakhstan 2030» қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинап жатқанын білгенін айтты. Ол басқаратын Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментінің атынан 231 500 теңге аударған. Аталған сома департамент қызметкерлерінен қайырымдылық мақсатында жиналған. Жауапта көрсетілгендей, қаражаттың қалай жұмсалғаны туралы ешқандай есеп алмаған.
Прокурор мәлімдегендей, тағы бір жәбірленуші Наталья Курмаева Перизат Қайрат басқарған қордың есепшотына өз қалтасынан 60 мың теңге аударған. Ол қор өкілдерін танымаған, тек банк қосымшасында қор атауы тұрғандықтан сенім артқан.
Бұған дейін Перизат Қайрат дайын диплом сатып алғысы келген әрекеті туралы жазған едік.
Сондай-ақ куәгер Перизат Қайрат қор қаржысын қалай қолма-қол ақшаға аударғанын айтып берді.
Сот барысында әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің есімі аталды.
Белгілі болғандай тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған.
Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.