Перизат Қайраттың сотында Димаш Құдайбергеннің есімі аталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі, волонтер Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап алу процесі жалғасып жатыр.

Қылмыстық істің кезекті эпизодымен таныстыру барысында әлемге әйгілі әнші, отандасымыз Димаш Құдайбергеннің есімі аталды.
Мемлекеттік айыптаушы Арман Кизикеннің мәлімдеуінше, күдікті Перизат Қайрат Димаш Құдайбергеннің қатысумен өтетін фестивальге 10 миллион теңге көлемінде қолдау ұсынған.
- «Скиф Трейд» ЖШС-нің өкілі Максим Абдуразаковтың куә болу жайтына сүйенсек, айыпталушы оны ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдауға арналған фестивальге шақырып, қаржылай көмек көрсетуді ұсынған. Әңгіме 10 миллион теңге жайында болған және іс-шараның хедлайнері ретінде Димаш Құдайберген болатыны хабарланған, - деп оқыды кезекті эпизодты Арман Кизикен.
Ескеретін жайт, жәбірленушінің өзі сотқа келе алмауына байланысты, оның куә ретіндегі жауабы айыптау тарапының бастамасымен жарияланды.
Белгілі болғандай, тасқын кезінде Назарбаев зияткерлік мектебінің қызметкерлері 2,9 млн теңге жолдаған.
Істі қарау кезінде Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға қаржы аударған 47 адам жәбірленуші деп танылды.
Бұған дейін күдікті Перизат Қайрат басқарған қайырымдылық қорына Назарбаев мектебінінің ата-аналары шамамен 1 млн теңге жинап бергені туралы жазған болатынбыз.
Одан бөлек Перизат Қайрат жетекшілік еткен қорға тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған.
Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді.
Сот отырысында белгілі болғандай, Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған.
Сонымен қатар «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты.
Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.