Перу елінен 3800 жылдық ежелгі қала табылды
АСТАНА. KAZINFORM — Археологтар Перудің ежелгі Пенико қаласын тапты, оның жасы шамамен 3800 жылға тең. Қала Перудің Уаура провинциясында, ел астанасы Лиманың солтүстігінде орналасқан. Бұл жөнінде CNN хабарлады.

Ғалымдардың болжамынша, Пенико б. з. д. 1800 жылдары құрылған. Қала, шамасы, жағалауда орналасқан елді мекендерден биік Анд тауларына және Амазонка өзенінің бойындағы қоныстарға баратын жол бойындағы маңызды торап болған. Археологтар тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарды қоса алғанда, 18 нысанды анықтаған.
Қоғамдық ғимараттардың бірінен саздан жасалған мүсіндер, діни салтанатқа арналған заттар және «путуту» деп аталатын қабыршақтардан жасалған рәсімдік трубалар табылған.
Пенико Америкадағы ең көне өркениеттердің бірі — Карал өркениетінің құлдырауынан кейін пайда болған. Перудегі дәл осы аттас елді мекен Карал-Супе атауымен де белгілі және б. з. д. 2600–2000 жылдар аралығында гүлденген. Пенико қаласы гематит (жарқыраған қызыл ұнтақ шығаратын минерал) саудасының арқасында дамыған деп есептеледі. Бұл минерал керамика мен үңгір суреттерінде, сондай-ақ денеге салтанатты белгілер салу үшін пайдаланылған.
Қазір Пенико аумағы туристер үшін ішінара ашық. Қазба жұмыстары бұл жерде 8 жылға созылған.
Айта кетейік, бұған дейін Перуде 9 млн жыл бұрын тіршілік еткен акуланың сүйектері табылғанын жаздық.