21:56, 12 Қараша 2025 | GMT +5
Перуде автобус апатынан кемінде 37 адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Перу елінің оңтүстігінде, Арекипа қаласының маңында жолаушылар автобусы жардан құлап, кемінде 37 адам қаза тапты, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.
Агенттіктің жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, Арекипа денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вальтер Опортоның айтуынша, тағы 13 адам жарақат алған.
Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жолда пикап көлігімен соқтығысып, кейін Оконья өзені ағып жатқан шатқалға құлаған.
Автобус шамамен 200 метр төмен құлап түскен.
Бұдан бұрын Перу билігі наразылық шаралары аясында төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдағанын жазғанбыз.