Петропавл тұрғыны зергерлік шеберхананы тонап, артынан өрт қойған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы «Галактика» сауда үйіне өрт қойған күдікті ұсталды.
4 желтоқсан күні таңғы сағат 5.00 шамасында үш қабатты тұрғын үйге жапсарлас салынған бір қабатты сауда үйінде өрт шықты. Өрт сөндірушілер жылдам әрекет етіп, жалынның жайылуына жол бермеді.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы болжамда электр сымдарының қысқа тұйықталуы қарастырылды, бірақ зергерлік шеберханаға көп зиян келуі мамандардың күдігін тудырды.

Тәртіп сақшылары сауда үйінің маңындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерді. Нәтижесінде оқиғадан біраз уақыт бұрын сол маңда болған және «Галактикаға» қарсы орналасқан бос сауда павильонына бірдеңе жасырып кеткен күдіктіні анықтады. Павильонды тексеру барысында полицейлер оның ішінен құны 1 млн теңгеден асатын зергерлік бұйымдар салынған түйіншекті тапты. Кейін толық тексеру сауда үйіне қасақана өрт қою әрекетін растады.
- Бейнежазбалар арқылы куәгерлерді де анықтау мүмкін болды. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті өрт қойғаннан кейін ұрланған бағалы заттарды бірден алып кетуге олардан батпаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде ұрлық және бөтеннің мүлкін қасақана жою бойынша күдікке ілінген, бұрын сотталған 32 жастағы петропавлдық ұсталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - дейді тәртіп сақшылары.
Полицейлердің айтуынша, жыл басынан бері облыста бейнекамералардың көмегімен 800-ге жуық қылмыс ашылды, оның 208-і – ұрлыққа қатысты.
Бұған дейін Астанада дәмханадан шыққан өрт толық сөндірілгенін жазған едік.