Петропавлда 550 мың текше метрден астам қар шығарылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда еріген қар суы үйлерге кірмеуі үшін қаладан қар тәулік бойы шығарылып жатыр.

Петропавлда 550 мың текше метрден астам қар шығарылды
Фото: Петропавл қаласының әкімдігі

Петропавл қаласы әкімдігінің мәліметінше, бұл іске мердігер ұйымдар мен қалалық коммуналдық қызметтер жұмылдырылып, екі ауысымда іске кіріскен. Осы күнге дейін қала көшелерінен 550 мың текше метрден астам қар шығарылды.

– Алдағы он күнде қар күрт ери бастайды. Сондықтан осы уақыт аралығында қала көшелерінен және жеке секторлардан қарды мүмкіндігінше тезірек шығару өте маңызды. Әсіресе, Бірлік, Береке шағын аудандары және Жұмысшы кенті қауіпті аумақта тұр. Бұл аудандарда қар шығару жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, – деді қала басшысы Серік Мұхамедиев.

Осыған байланысты қала басшысы жеке тұрғын үйлердің иелерінен аулаларыңызды қардан тазалап, қоршаудан көшеге шығаруды сұрады.

– Бұл арнайы техниканың қарды оңай тиеп алып кетуіне мүмкіндік береді. Тек бірлескен әрекет арқылы ғана көктемгі қар еру кезеңінде болуы мүмкін су басу қаупін азайта аламыз, – деді қала басшысы Серік Мұхамедиев.

Алдағы 10 күн ішінде қала бойынша екі ірі сенбілік ұйымдастыру жоспарланып отыр. Оған, Петропавл әкімінің айтуынша, барлық көлік компаниялары қатысып, қарды полигонға шығаруға көмектеседі.

Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне белсенді дайындық жүріп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум