Петропавлда ескі үйлер сүріліп, жаңа шағынаудан салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 330 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл туралы өңір әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов айтып берді.

Әкімнің айтуынша, ең көп тұрғын үй Петропавл қаласында салынып жатыр. Облыс орталығында 32 көпқабатты үйдің құрылысы басталса, оның 20-сы жеке құрылыс компанияларының есебінен салынып жатыр.
− Қазір «Қопай» ескі шағынауданын қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Онда апаттық және ескі үйлер бұзылып, орнына заманауи жайлы шағынаудан бой көтеруде. Мұнда 605 пәтерге арналған 7 көпқабатты үйдің құрылысы басталды. Бұл – кезекте тұрған азаматтарға арналған несиеге берілетін баспаналар, − деді Ғ.Нұрмұхамбетов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Жалпы, бұл шағын ауданда 27 көпқабатты үй салынады. Жаңа пәтерлерге 3,8 мың отбасы қоныстанады. Олар үшін қажетті әлеуметтік нысандар да бой көтереді.
«Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін тұрғын үйлер сатып алынуда. Бұл мақсатқа 5,8 млрд теңге бөлінді. Жалпы, жыл соңына дейін облыс бойынша 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді СҚО әкімі.
Еске сала кетсек, СҚО-да 511 млрд теңгеге 34 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл 5 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі көктемгі су тасқыны салдары қалай қалпына келтірілгенін айтып берген еді.