Петропавлда Есіл өзенінің жағалауын нығайту жұмысы басталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Есіл өзенінің жағалауы су тасқынынан кейін және жауын-шашын салдарынан біршама опырылып құлаған.
Сол себепті Жеңіс саябағы маңындағы жағалаудың әрі қарай опырылуына жол бермеу және сол маңда тұратын тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоба жүзеге асырылып жатыр.
Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, жағалауды бекіту жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен өзен жағасындағы топырағы сырғып құлаған учаскелер арнайы инженерлік технологиялардың көмегімен күшейтіледі. Бұл мақсатта болат шпунттар, швеллерлер, арнайы қалқандар мен геотор материалдары пайдаланылып жатыр. Кейін нығайтылған аумақтар топырақпен қайта толтырылады.
Жобаны жүзеге асыруға 658 млн теңге бөлінген.
- Бұл жұмыс былтыр басталды деуге болады. Жоба аясында Жеңіс саябағынан «Солнечный» шипажайына дейін ұзындығы 300 метр болатын ашық нөсер кәрізі салынды. Сонымен қатар аумақта кәріздік сорғы станциясы орнатылып, жауын және еріген қар суларының қауіпсіз ағуын қамтамасыз ететін инженерлік жүйе іске қосылды.
Қаржыландыруға байланысты, қаражат түсіп жатса биыл жұмысты аяқтау міндеті тұр, - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан
Бұған дейін БҚО-да Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілгенін жазған едік.