Петропавлда қашықтан оқуға жіберілген сыныптардың саны артты
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда 161 оқушының жіті респираторлы вирусты инфекциямен (ЖРВИ) ауыруына байланысты 15 сынып онлайн оқыту форматына көшірілді.
Петропавл қалалық білім бөлімінің мәліметінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «2025–2026 жылғы эпидемиялық маусымда тұмауға, жедел респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы санитариялық-індетке қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес сыныптар қашықтан оқытуға жіберілді.
Петропавлдағы М. Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейден кешегі күні үш сынып онлайн форматқа көшсе, бүгін олардың қатарына тағы үш сынып қосылды. Қазір қашықтан оқуға кеткен сыныптарда 61 бала ауырып жатыр.
Петропавлдағы №4 орта мектепте төрт сыныпта ауырған балалар саны 47-ге жетті.
Петропавлдағы Бірінші гимназияның екі сыныбында оқушылардың тең жартысы ауырып, олар да онлайн оқып жатыр.
Бүгіннен бастап әл-Фараби атындағы мектеп-лицейдің 1-сыныбы және Ә.Бөкейхан атындағы №25 мектептің екі 9-сынып оқушылары қашықтан оқыту форматына көшірілді.
Бұған дейін еліміз бойынша 3091 сынып қашықтан оқуға көшірілгенін жазған едік.
Сондай-ақ министр Әлназарова бастауыш сыныптар қандай жағдайда қашықтан оқуға көшетінін айтты.
СҚО-да «гонконг тұмауын» жұқтырғандар саны көбейіп бара жатқанын да жазған едік.